Мөңке би Тілеуұлы

Мөңке би  Тілеуұлы

(1675-1756)
         1675 жылы қазіргі Шалқар ауданының Қопасор маңында дүниеге келген. Белгілі би, көреген ойшыл, Әбілқайыр хан кеңесшілерінің бірі, жырау. Әбілқайыр дүние салған соң Нұралы ханның билігін тану туралы Елизавета  Петровнаға жазылған хатқа Орта жүздің белгілі адамдары Жәнібек тархан мен  Керей Наурыз би бастаған топпен, сондай-ақ Кіші жүздің 30 би, батырларымен бірге қол қойған. Дала тарихының ғана емес, далалық діл мен танымның, философияның, эстетиканың, поэзияның Асан Қайғыдан бері қарайғы  дәстүрлі жолын жалғаған Мөңке бидің Дала поэзиясы мен ұлттық философияда алар орны ерекше.

Мөңке  би: Өмірбаян // Шалқар энциклопедиясы / Бас ред. Тілешев Т.- Шалқар, 2009.-215 б.
Мөңке Тілеуұлы. Өмірі мен шығармасы // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы. Ред.алқасы төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе, 2006.-9 б.
Шекті Мөңке би Тілеуұлы. Ғылыми басылым / Ж.Асанов. -Астана:Елорда, 2001-164 б.
Мөңке. Деректер мен ғылыми мақалалар /Құраст. Ж.Асанов.- Алматы: Ел-шежіре, 2007. -264б.
Мөңке Тілеуұлы. Өмірі мен шығармасы // Адырна: Ежелгі жыраулар / Құраст. Асанов Ж.- «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС, 2011.-23 б.  
   Кемал Б. // «Тарихта неше Мөңке бар?» / Шалқар.- 2001.- 4сәуір.
М. Құл-Мұхаммед. // Мөңке би. [Мөңке би Тілеуұлы туралы] -Егемен Қазақстан.- 2003.-18-21 қараша.


     *       *       *
Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бежірей деген қызың болады.
Алдыңды кес-кестеп өтетін
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады.
Домалақ-домалақ түймедей дәрің болады,
Жастарға билігі жүрмес кәрің болады.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,   
Бетіңнен алып түсетін інің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмәлдау дінің болады.
Халықтың қанын сорған адамдар болады,
Қабағын түйіп қойып қайыр сұрайтын адамдар болады.
Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады,
Ит пен мысықтай  ырылдасқан,
Еркек  пен қатының болады.
Сарылып келіп тосасың,
Құны жоқ көк қағазды судай шашасың.
Соның бәрін көресің,
Көріп барып өлесің.