Әкімәлі Қаржауұлы

Әкімәлі   Қаржауұлы

    1885 жылы  Хромтау ауданының Ойсылқара ауылында дүниеге келген. Ашаршылық, колхоздастыру кезеңінің алапат аштығына ұрынған халық мұңын жоқтап өлеңдер жазды. Осынысы үшін 1931 жылы «халық жауы» атанып, қамауға алынып, атылды. Ақынның ұрпақтары Хромтау қаласында тұрады. 1991 жылы аудан халқы Әкімәлінің туғанына 100 жыл толуын ұлан асыр той қылып өткерді. Сол жылы «Халқыма хат» деген атпен өлеңдері жеке кітап болып жарық көрді.

            Қаржауұлы Ә. Халқыма  хат: Өлеңдер жинағы. -Ақтөбе,1991.-46 б.
Қаржауұлы Ә. Халқыма хат: Шығармалары / Құраст.Қаржауов Ш.- Ақтөбе,1997-163 б.
Қаржауұлы Ә. Өмірі мен шығармалары // Жәдігер:Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасы төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе, 2006.-73 б.
Қаржауұлы Ә. Өмірі мен шығармалары // Жеті ғасыр жырлайды. Т.2. / Құраст. Е.Дүйсенбайұлы.- Алматы: Жазушы, 2008.-445 б.
Қаржауұлы Ә. Өмірі мен шығармалары //Адырна: Т.1 Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов.- «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС, 2011.-309 б.


Қолыма қалам алып, жазамын хат
Қолыма қалам алып, жазамын хат,
Мал бітсе ер көңілі болады шат.
Табаның жазатайым тайып кетсе,
Сыртыңнан дос-дұшпаның қылады мат.
Сөзі бар насихатты бұл нәманың,
Бұл күнде болды, халқым, қу заманың.
Қол қойып дүниенің пәннәсына
Жау көріп, бір-біріңді  қудаладың.
Айтамын насихатым білгендерге,
Наныңыз құлақ естіп, көз көргенге.
Бұл күнде досың дұшпан болып жатыр,
Айтпаңыз ішкі сырды кез келгенге.
Мағұлым біз Қаржаудың баласымыз,
Көзінің ағы менен қарасымыз.
Алаштан озған ақын болмасақ та,
Атайтын бір жан елдің данасымыз.
Анамыз Байзақ бидің баласы екен,
Болады Хасен, Қапа нағашымыз.
Сұрасаң менің атым Әкімәлі,
Бақ қонса ердің сөзі бәтуалы.
Дүниеде қасыңызға жолдас қылма,
Ақылсыз, жөн білмейтін лахуаны.
Жақсыға малың барда басыңды қос,
 Ақынның бұл бір айтқан ахуалы.