Айса Байтабынов

Айса Байтабынов 

(1885-1958)
Қобда ауданы болысына қарасты Өтешсай деген жерде дүниеге келген  атақты эпик-жыршы. Жас кезінде байларға жалданып, жылқы баққан. Есейген кезде ел аралап, батырлар жырын жатқа айтқан. Профессор Е.Ысмайловтың «Ақындар» /А.1956/ кітабында: «Айсаның айтуынан жазып алынған «Қобыланды», «Әуез батыр», «Ер Сайын», «Көрұғлы», «Телағыс»,т.б. жырлардың түпнұсқалары Қазақстан Ғылым академиясының кітапханасында  сақтаулы» делінген. Жырау, әсіресе Ұлы Отан соғысы жылдарында  ел ішін жиі аралап, жаудан жерін қорғаған бұрынғы батырлар жырын жырлап, еңсесі  түскен көпшіліктің көңілін көтеріп, майдангерлер үшін қаржы –киім жинау ісіне елеулі үлес қосады.
   
Байтабынов А: Өмірбаян //Ақтөбе: Энциклопедия / Бас ред. М.Тажібаев.- Ақтөбе, 2001.-315б.
Байтабынов А: Өмірбаян // Қазақ әдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық / Бас ред. Тасмағамбетов И. -Алматы: Аруна ITD ЖШС,  2005.-19б.
Байтабынов А: Өмірбаян мен шығармалары //  Адырна: Ежелгі жыраулар /Құраст. Ж.Асанов. -Ақтөбе, 2011.-257б. –Ақтөбе кітапханасы.
Мұсаев А: «Айса Байтабынов - эпик  жыршы» // Әдебиет  иірімдері.- Ақтөбе, 2011.-223б.
Е.Құрманбек: Аты мәлім Айса ақын [Жыршы Айса Байтабынов туралы] // Ақтөбе.-2014.-12 қыркүйек.
                                                Қобыланды
                                                           (үзінді)
                                                 Он таңбалы Ұрымда,
Қырық таңбалы Қырымда
Қазақ елінде
Қыдырбай деген бай өтті,
Төрт түлік малға сай өтті,
Іні де жоқ, аға да жоқ,
Өзінен туған бала да жоқ,
Бір перзентке зар өтті,
Малы артық болды бай,
Перзенті жоқ сұмырай.
Мекендерін  сұрасаң,
Қалдығайты, Бүлдірті,
Өлеңті,   Шідерті,
Шөке сайын бір жылқы.
Жирен деген көл еді,
Яшқырәған деген бел еді,
Қобда деген жер еді,
Қобдада туған,
Қобыланды деген ер еді.
Қобыланды тумай тұрғанда,
Бұл Қобданың бойында,
Алшағыр қалмақтың елі еді.
Қобданың  алпыс саласы,
Тоғыз екен Алшағырдың баласы,
Қашаннан да жау екен,
Қазақ –қалмақ арасы.
Алшағыр деген қалмақтың
Тоғыз ұлы бар еді,
Тоғыз қызы бар еді,
Мал менен басқадан,
Арманы жоқ жан еді.
Сол кезде Қыдырбай
Малдан басқа ешнәрсесі жоқ шал еді.
Алшағыр ой ойлады асау сойып,
Ақыртып, мая бақыртып,
Той қылайын шақыртып,
Қыдырбай тойға келсін деп,
Ұлым мен қызымды көрсін деп,
Ұлым жорға мінсін деп,
Қызым жібек кисін деп,
Қыдырбайдың іші оттай күйсін деп,
Жалғыздық пен шалдықты,
Шекесіне тисін деп...