Әбубәкір Кердері Шоқанұлы

Әбубәкір Кердері Шоқанұлы

                                                     (1861-1905ж.ж.)
            Әбубәкір жасында Орынбор, Троицкіде оқып, медресе бітірген. Орал, Орынбор, Орск, Ақтөбе қалалары маңында бала оқытып, молдалық құрған. Өлеңдері «Әдебиет қазақия» деген атпен екі рет (1903, 1905) Қазанда Кәрімовтер баспасында басылған. Бұл кітаптарға ақынның заман, дін, оқу,қазақ халқының өткендегі және қазіргі хал жағдайы туралы өлең-жырлары, толғаулары, айтыс өлеңдері енгізілген.
         Әбубәкір өлең-жырларында  бір жағынан халықты оқу, білімге шақырып, орысша оқуды, өнер үйренуді насихаттаса, екінші жағынан қазаққа «шарафатты» болып, ел арасында мектеп ашып отыр деп патшаны мадақтайды. Ақын өнер-ғылымды, отарбаның, түрлі машинаның шығуын мақұлдаса да, өткен дәуірді аңсайды, кезіндегі діни түсінік шырмауларынан шыға алмайды.

Кердері Ә. Өмірі мен шығармалары // ХІХ ғасыр әдебиеті / Құраст. Х.Сүйінішәлиев.- Алматы: Ана тілі, 1992.-146 б.
Кердері Ә. Шығармалары // Қазағым.- Алматы, 1993.
Кердері Ә.Өмірбаян  // Қазақтар. 9 томдық. II-том. - Алматы,  1998.-146б.
Кердері Ә. Өмірбаян мен шығармалары // Нар заман мен зар заман поэзиясы. -Алматы: Раритет, 2002.-203б.
Кердері Ә. Өмірбаян мен шығармалары // Жәдігер:Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасы төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе, 2006.-30 б.
Кердері Ә. Шығармалары // Жолдас болсаң жақсыға мәртебеге жетесің.-Ақтөбе: «А-Полиграфия»- 2011.-176б.
Кердері Ә. Өмірі мен шығармашылығы // Діни ағартушылық және Әбубәкір (Кердері) Боранқұлұлының әдеби мұрасы / С.Бермағанбет. -Алматы: Қазақ университеті, 2012.-144б.
 Асанов Ж. «Әбубәкір айтқан сөз еді» // Ақтөбе. -2011. -29 қыркүйек.
Кемал Б.  «Әбубәкір жерленген  жер» // Керек инфо.-2011.- 6 қазан.

       *          *         *
Ақсұңқардың  мінезі –
Өзі өлтірмей аң жемес.
Әулиеге түнемей
Жолбарыс адам мал жемес.
Бір сапарға бір мың сом
Ер жігітке қаржы емес.
Таңдап алған жардан соң
Ер азамат сәнді емес.
Тәңірі қосқан ерден соң
Не арулар оңды емес.
Мал, перзенті болмаса,
Ердің сөзі ем де емес.
Бұлары түгел бақытты ер-
Ханзададан кем де емес.
Ерге қырсық дарыса,
Несібесі өрлемес.
Құдайдан келген қазаға,
Ер азамат меңдемес.
Асыл болса алғаның –
«Сіз, біз»деп сөйлер «сен»демес.
Алғаны жақсы асылдар-
Зынданға түссе шерлемес.
Шаруа болсаң тұқым шаш
Көбейтіп берер өзіңе,
Құдай десең ақыңды
Адам түгіл жер жемес.
Ерлерменен дос болсаң –
Алсаңыз ал, бер демес.
Қайсы бірін айтайын
Бір Құдайға жалынып
Сүйенбеген пенде емес.

                                                   *          *          *
                                       Адамды елдің белгісі –
                                      Бүтін болар жағасы.
                                       Тура бидің белгісі –
                                       Жоқ болар жеген парасы.
                                       Тату елдің белгісі –
                                       Өсексіз болар арасы.
                                       Асыл ердің нышаны –
                                      Әдепті болар баласы.
                                       Әдепсіз бала белгісі –
                                       Әкесі болу нағашы.
                                        Жаман іні белгісі –
                                       Жасқаншақ болар ағасы,
                                       Алдынан шығып әр жерде
                                       Көп болған соң таласы.
                                      Әділ болса әкімнің –
                                      Пақырға тиер панасы.
                                      Ерді иман айдаса,
                                      Бұзылмас еткен тобасы.          
                                       Тәуекел етсең бұзылар
 Мың қайғының қаласы.
 Жылы сөзбен бітеді
 Жүз көңілдің жарасы.
 Тамам болды осымен
 Әрбір сөздің сағасы.
 Бұл сөзімді түсінер
 Адамның есті данасы.
Әбубәкір ұшбудүр,
 Қағазға жазған санасы.
Ізгілер, ғайып етпеңіз
Сөзімнің болса оғашы.
Он сегіз мың ғаламның
Бір жасаған таяуы.
Мұсылман бала, адал мал –
Дүниенің бояуы.
Асылым ғарып пендемін,
Сөзімнің көпті қаяуы.
Ешбір дұшпан кір қылмас,
Алланың болса аяуы.
Ақыл ие азамат,
Дүния менен ахирет –
Тәуір десең қай жағы.
Ахирет артық секілді
Болғаннан соң баяны.
Тыңдаушыдан әрқашан
Ізгі дұға етіңіз,
Сөзімнің тәмам аяғы.