Шөмекей Ырысты қыз

Шөмекей Ырысты қыз
(ХІХғ.)
Ырысты қыз. Шығармасы //Асыл қазына: Жинақ / Құраст. Асанов Ж.- Ақтөбе: «Полиграф-услуги» 2001.-19 б.  
Ырысты қыз бен Сидақ  // Айтыс: Т.2. / Жауапты шығарушы -А.Әлманов.-Алматы: Жазушы,1988.-42 б.
                                                   Ырысты қыз бен Сидақ
                                                                (үзінді)
Ырысты:
Басында Тұзтөбенің тұз бар екен,
Жағалай Жайық бойы ызғар екен.
Қасында құдекемнің жолдасынан
Бізбенен айтысқандай кім бар екен?
Сидақ:
Атыңды мен білмеймін, шырағым қыз,
Қалың қар қапа жауған жүрегім мұз.
Көргесін ақ жүзіңді есендікпен,
Кетеді әр тарапқа көңіліміз.
Ішінде осы көптің мен сөйлейін,
Тілімді жаңылдырма бір өзіңіз.
Елдегі менікі деп сұлу болса,
Он бес пен жиырмада жүретінбіз.
Өзің біл, не қылсаң да жан құдаша,
Бетіңнен бір сүймесек өлетінбіз.
Ырысты:
Сұрасаң менің атым Ырысты қыз,
Екі елу ердің жасы болады жүз,
Бетімді көрінгенге сүйгізуге,
Келе алмас бұл сөзіңе ретіміз.
Сидақ:
Сұрасам сенің атың Ырысты қыз,
Екі елу ердің жасы болады жүз,
Қосылса екі жақсы көңілденіп,
Сүйгенді талай-талай көретінбіз.
Ырысты:
Ауылымның қонған жері шым болады,
Шымды жер жаңбыр жауса дым болады.
Сұраймын білмегесін өзіңізден,
Атыңыз, ағай, сіздің кім болады?
Сидақ:
Ауылымның қонған жері шым болады,
Шымды жер жаңбыр жауса дым болады.
Баласы Дайрабайдың атым Сидақ,
Ақыны Төртқараның мен болады.
Ырысты:
Ауылымның қонған жері шым болады,
Шымды жер жаңбыр жауса дым болады.
Өлеңді көп ішінде айта берсек,
Өзіңдей сыпайыға мін болады.
Сидақ:
Ауылымның қонған жері шым болады,
Шымды жер жаңбыр жауса дым болады.
Бұл сөзім көп ішінде мін болғандай,
Жеңетін бізді, сірә, кім болады?
Ырысты:
Ауылымның қонған жері шым болады,
Шымды жер жаңбыр жауса дым болады.
Өлеңді көп ішінде айта берсек,
Ауызы сендей шалдың жым болады.