Жиембет жырау Бортоғашұлы

Жиембет  жырау  Бортоғашұлы 

XYI ғасырдың соңғы ширегі, XYII ғасырдың алғашқы жартысында  өмір сүрген. Алшын руын ежелден билеген ірі феодалдар тұқымынан шыққан Жиембет Еңсегей бойлы Ер Есімнің Кіші жүздегі ел басқарушы биі, әскербасы батыры қызметін атқарады. Есімнің көрші хандықтармен арадағы соғыстарына қатысады, ерлігімен, іскерлігімен танылады. Жиембет, әсіресе, 1620 жылы ойраттармен арада шыққан соғыста қазақтардың жауды ойсырата жеңуіне мұрындық болады. 1627 жылы  Қазақ Ордасы құрамынан бөлініп, өз алдына тәуелсіз хандық құрғысы келген Ташкент ханы Тұрсынның көтерілісін басу кезінде де Жиембет елеулі роль атқарады. Алайда көп ұзамай-ақ орталық үкіметке сөз жүзінде ғана бағынып, Кіші жүзде дербес билік құра бастаған Жиембеттің өзі де ханның қаһарына шалынады. Кей деректерге қарағанда, Жиембет қазіргі Ойыл ауданы территориясында өз ордасын тіккен.


Жиембет жырау: Өмірі мен шығармалары // Бес ғасыр жырлайды: Т.1. / Құраст. М.Мағауин, М.Байділдаев.-Алматы: Жазушы, 1984.-58 б.
Жиембет жырау: Өмірі мен шығармалары //Ай, заман-ай, заман-ай... Т.1./Құраст. М.Мағауин, М.Байділдаев.-Алматы: Жазушы, 1991.-51 б.  
Жиембет жырау: Өмірбаян // Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 10 томдық. Т.2. / Бас ред. Нысанбаев Ә.- Алматы,1998.-685 б.
Жиембет жырау: Өмірбаян // Қазақтар. 9 томдық. Т.2.- Алматы, 1998.-75б.
Жиембет жырау: Өмірі мен шығармасы // Екімыңжылдық дала жыры /Бас редактор Ә.Нысанбаев.-Қазақ энциклопедиясы, 2000.-130 б.
Жиембет жырау: Өмірбаян // Ақтөбе. Энциклопедия / Бас ред. Тәжібаев М.-Ақтөбе- 2001.- 425 б.
Жиембет жырау: Өмірбаян //  Қазақ әдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық / Бас ред. Тасмағамбетов И. -Алматы: Аруна Ltd. ЖШС,2005.-218 б.
Жиембет жырау: Өмірбаян // Ойыл. Энциклопедия / Құраст. Бақтыгерейұлы С.-  Астана: Фолиант, 2009.-305 б.
Жиембет жырау: Өмірі мен шығармалары //Адырна: Т.1 Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов. – Ақтөбе: «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС, 2011.-18 б.

  *            *            *
     Еңсегей бойлы Ер Есім,
Есім, сені есірткен
Есіл де менің кеңесім.
Ес білгеннен Есім хан,
Қолыңа болдым сүйесін,
Қолтығыңа болдым демесін.
Ертеңгі күн болғанда,
Елің кеңес құрғанда,
Айналып ақыл табарға
Есіктегі өбесін,
Сонда ханым не десін,
Мен жоқ болсам, Есім хан,
Ит түрткіні көресің,
Жиембет қайда дегенде
Не деп жауап бересің?..
Менімен ханым ойнаспа,
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пенен аюдай.
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайыңдай.
Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре менен жайындай.
Періктігімді сұрасаң,
Қарағай менен қайыңдай.
Көруші едім, Есім хан,
Ханымды күнім, сізді айымдай,
Сырым саған түзу-ді,
Садаққа қалған бұлыңдай,
Жұмыскерің мен едім
Сатып алған құлыңдай,
Жүруші едім араңда
Өзіңнің інің мен ұлыңдай.
Есімде менің сүймеуің,
Істетпеске қойған тіліңдей.
Мен өлсе  құнсыз кетер деме сен
Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген
Тілеуберді құлыңдай!
Тілеуберді құлың мен емес,
Мұның, ханым, жөн емес.
Менің ер екемді көргенсің ,
Әуелден бірге жүргенсің,
Дегенімді қылғансың,
Қайратымды білгенсің.
Ағбытпа, ханым, күннен соң,
Сіздің естен кеткенмен,
Біздің естен кеткен жоқ:
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Соқыр бурыл байталға
Сонда бір жайдақ мінгенсің...
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Қаланың қасы бүлгенде,
Хандар қалаға қылаған,
Сұлтандар суға сылаған,
Қаз мойынды ханыша
Қалада тұрып жылаған...
Тал шарбаққа мал сақтап,
Тасқан екен мына хан!
Қайрылып хайыр қылғуға
Қылғаның жоқ ұнаған.
Қайратым қанша қайтса да,
Мұныңа, ханым, шыдаман!
Арқаға қарай көшермін,
Алашыма ұран десермін,
Ат құйрығын кесермін,
Ат сауырысын берермін,
Алыста дәурен сүрермін,
Қарамасаң, ханым, қарама,
Сенсіз де күнімді көрермін!