Айсұлу ханым

Айсұлу ханым

1950 жылы 21 қарашада Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облысы, Қаратөбе ауданы, Қаракөл селолық советіне қарасты «Қоскөл» деген жерде дүниеге келген. Қаратөбе орта мектебін бітірген соң 1968-1972 жж. Абай атындағы  ҚазПИ-де оқып, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі мамандығын алады. 1972-1984ж.ж. «Жазушы» баспасында корректор, кіші редактор, редактор, 1984-1990жж. Қазақ радиосының редакторы, оның Орал облысындағы  меншікті тілшісі,1990-1993ж.ж. халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Орал облыстық бөлімшесінің төрағасы болып жұмыс істейді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі қоғам қайраткері, 1990-1994ж.ж. Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы Басқармасының мүшесі, Орал облыстық бөлімшесінің тең төрағасы. 1994-1995ж.ж. «Атажұрт» халық майданының жетекшісі. Дүние жүзі түркі халықтарының І (1993ж.,Анталия қаласы,Түркия) және ІІ (1994ж., Измир қаласы,Түркия) құрылтайларының делегаты.

Айсұлу ханым. Айту –парыз: Жыр жинағы. -Алматы,1996.
Айсұлу ханым. Ақ мама: Жыр жинағы.-Алматы: Өлке, 1997-40 б.
Айсұлу ханым. Барып қайт, балам, ауылға: Жыр жинағы. -Алматы: Өлке, 1998.-140б. Айсұлу ханым. Иманға жүгін, ей пенде!: Жыр жинағы.-Ақтөбе: Отандастар-полиграфия, 2000.
Айсұлу ханым. Парыз: Жыр жинағы. -Алматы-2001.
Айсұлу ханым: Өмірбаян мен өлеңдер // Жәдігер. Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е.-Ақтөбе, 2006.-252 б.
Айсұлу ханым. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ! Өлеңдер //Ақтөбе газеті, 1999.-1 шілде.

                                               Барып қайт, балам, ауылға

Барып қайт, балам,
ауылға туған
                     барып қайт!
Шалғынына аунап,
құмында ойнақ салып қайт.
Өр болып келед біз жақтың азаматтары,
Намысты соның
                  көкірегіне жанып қайт!
Барып қайт, балам,
ауылға туған
                     барып қайт!

Белесі, белі,
жоқ әлде, мидай дала ма,-
қарама, жаным,
қалдырмай бәрін арала!
Шомыла барсаң,
байқарсың,  күміс көліңе,
іздерім жатқан секілді менің жағада.
Қарама, жаным,
қалдырмай бәрін арала-
орман ба,
           тау ма,
                        дала ма!!!
«Болад,-деп, -қандай?»-
сұрайтын едің жайлауды.
Сыбағаң үшін,
бір тоқты сонда байлаулы.
Аңқылдап келіп
арғымақ тартар ағайын 
алтынды зерлі
ер-тұрмандары сайлаулы.
О,..
Несіне саған
тәптіштей берем, құлыным,
Көзіңмен  өзің
қайтарсың көріп
                        жайлауды!
Ауылың жәйлі
Қиялың менен елесің
Айналып шынға,
ғажайып күйге енесің...
атаң мен марқұм
әжеңнің сонда бейіті,-
соға кел, қалқам,
«Елемей кетті-ау!»- демесін!
Қайдан да білдің,
Сипаса самал маңдайдан,
Солардың жұмсақ
алақандары емесін.

Басына барсаң,
түс ауып кетпей, ерте бар.
Қасыңа, жаным,
жөн білер біреу ерте бар.
Атымнан менің
топырақ таста иіліп.
Шешеңнің және
сағыныш күйін шерте бар!
Шерте бар, күнім!
                       Шерте бар!
Ертелі-кешті
қуалай бермей ойынды,
бірауық, қарғам,
арманға жүздір ойыңды.
Көпшілік көзі
сынағыш болад мұндайда,-
абайлап басып,
түзетіп ұста бойыңды!

Барып қайт, балам,
ауылға туған
                     барып қайт!
Шалғынына аунап,
құмында ойнақ салып қайт.
Біз жақтың қызы
ибалы келер, құлыным,..
от болып, жанын
жалыныңменен қарып қайт!
Барып қайт, балам!
Ауылға туған барып қайт!!!