Ахмет Сейітұлы Ескендіров

Ахмет  Сейітұлы  Ескендіров

1901 жылы Орынбор губерниясындағы Екінші Бөрте ауданында кедей шаруаның отбасында туған. Атасы Ескендір қарт Ахмет сегіз жасқа толысымен ауылындағы орыс-қазақ мектебіне оқуға береді. Оқуға зерек Ахмет мектепті үздік бітіріп сол мектептің педагогикалық ұжымының ұсынысымен  1919-1931 жылдары ұстаздық қызметін атқарады. Ел арасында үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізе жүріп, өлең жазумен айналысты. Алғашқы өлеңдері сол кезде қазақ тілінде шығатын газеттерде жариялана бастады.
1931 жылы «Социалдық жол» газетіне тілші болып жұмысқа орналасады.1932-1938ж.ж. редакцияның мәдениет бөлімінің меңгерушісі болады. Өлеңмен бірге әңгіме, очерктер, проблемалық мақалалар жазады. 1938 жылы жырау ақын Нұрпейіс Байғаниннің әдеби хатшысы болып тағайындалады.  Ахмет ақын әдеби хатшы ретінде Нұрпейіс Байғаниннің он жеті жасынан жетпіс тоғыз жасқа дейінгі  жадында сақтаған жырларын қағаз бетіне түсіріп, ақынның кітабын жарыққа шығару жолында аянбай тер төкті.
1942 жылы Ахмет ақын өз еркімен бронын бұздырып соғысқа аттанады. Майданда жүріп жазған өлеңдерін өзі еңбек еткен «Социалистік жол»  редакциясына жолдап тұрады.
1944 жылдың 12 қазанында Чехословакияны жаудан азат ету  жолындағы қанды майданда қаза тапты.


Ескендіров А. Қазақстан-Гүлстан: Өлеңдері мен мақалалары // Ақтөбе, 2011.-237б. 
Ескендіров Т.  Ахмет ақын: Мақалалар, естеліктер // Ақтөбе, 2012.-296 б.
Қонақбаева А. «Өлеңім жаман болса жаттамассың...» [А.Ескендіров туралы] // Ақтөбе газеті.-2011.-3 қараша.

                                           Өлең-өнер
Адам деген атымды ақтау үшін,
Жалғанда әділдікті жақтау үшін,
Арнадым өмірімді еттім қызмет
Жазбадым өлең сірә, мақтау үшін.

Сағасы сан еңбектің –адал еңбек.
Еңбекпен дүниеге атар еңбек.
Сыйым бар заманыма тарту қылар,
Беремін алғаныңша артып, теңдеп.

Ол сыйым емес: алтын, інжу, маржан,
Тас емес тағынатын құны арзан.
Мәңгілік сыны, сыры өшпес –өлең
Жүректің қаныменен тербеп жазған.

Нем адам еңбектерім көрінбесе,
Сөздерім ақын емен, өрілмесе,
Өзімді, тіл мен қолды жазғырамын
Өлеңге сұлу кесте төгілмесе.

«Өнер алды-қызыл тіл», таласпағын.
Көрмессіз сөзді, сірә тот басқанын.
Шындықты айт! Әділдіктің жыршысы бол!
Жолынан әділеттің адаспағын.

Өнердің сан жолы бар, сала-сала.
Бәрін де ақылға сап ойлап қара.
Сарқылмас тіл өнерін теңіз көрем,
Жалғаған сан ғасырды сөзбен ғана.

Өлең –өнер, өнердің көріктісі
Өнердің барлығынан көрнектісі.
Өлең жаз ақын болсаң сыры өшпес,
Әрдайым пайдалансын керек кісі.