Қызыл Тұрдалыұлы

1860 жылы Темір ауданының Бабатай өңірінде туған белгілі ақын, күміс көмей әнші. Әкесі Тұрдалы сіңірі шыққан кедей, момындау адам болған. Шешесі Тоқанайдың аздап ән шығаратын өнері болған. Бала күнінен ән салып, домбыра тартып, ерке өскен Қызыл кейін дүйім жұртты аузына қаратқан әнші болады. Атақты Мұхит Мералыұлымен Көкжар жәрмеңкесінде танысады. Алғашқы жары Дәмеш қайтыс болады да, Қобданың Тамды деген жерінде тұратын  Теңке деген қызға үйленеді. Одан Еркін деген ұл, Қаныш деген қыз туады. Еркін екі-үш  жасында қайтыс болады. Қаныш майлы кете Балмағанбет ишанның Ысқақ деген баласына тұрмысқа шығады. Қызылдың:

«Майлыда Балмағанбет құдам еді,
         Қаршадай Қанышымды сұрап еді»- дегені осыдан қалған.
Ақынның «Сары ирек», «Сәулем», «Қыз еркесі». «Қожағай», «Жаңғақ», «Қамшыгердің әні», «Ой, көк» «Мешін-тауық» әндері  ел арасында кең тараған.
Алаштан ән оздырған Әнші Қызыл 1921 жылы сәуір айында қайтыс болады.


Қызыл Тұрдалыұлы: Өмірі мен өлеңдері // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасы төрағасы Сағындықов Е. -   Ақтөбе, 2006.-53б. 
Қызыл Тұрдалыұлы: Өмірбаян // Ойыл. Энциклопедия / Құраст. С.Бақтыгерейұлы.–Астана: Фолиант, 2009.-133 б.  
Қызыл Тұрдалыұлы: Өмірбаян // Темір. Энциклопедия / Жауапты шығарушы М.Әділханұлы.- Ақтөбе: А-Полиграфия, 2010. -359б.
Тоқмырзаұлы Қ. «Мешін-тауық» әні қалай,қашан туды?  //«Алтын орда» №2.- 2003.-17-23 қаңтар. -19 б.
                                                           Мешін-тауық
Қазаққа қиын соқты мешін-тауық,
Жігітке атқа мінген төнді қауіп.
Алшыннан ән оздырған Қызыл ағаң
Үйінен іше алмады көже тауып.
Қайыңды,Бабатай мен Кенжалым-ай!
Қырылды-ау ішер асқа ел жарымай.
Талай үй құлыптаулы қараң қалды
Аштықтың түскеннен соң шеңгеліне-ай!
Бабатай, Қайыңдыны ендей жайлап,
Бәйгеге ат қосушы ем Майлыбайлап!
Самсатып саздау жерге ақ үй тігіп,
Сапырып сары қымыз, бие байлап...

    *     *     *
Ауылым Бабатайда, атым-Қызыл,
Ән толқып, жыр көмейден сеңдей бұзыл.
Кербез-ау, қамзол ки де, шайыңды құй,
Әнге бас, домбыра ал да салқам Қызыл.
Ән салған бала жастан Қызыл едім,
Ән десе, той-думанның қызығы едім.
Кешегі жастық дәурен маусымында
Айдында қаздай қалқып жүзіп едім.
Жасым бар жер ортада, жылым-тауық,
Қызылдың жүрген жері күнде сауық.
Бұл Қызыл «Сарыирекке» салған кезде
Көпшілік аттандырған шапан жауып.