Тама Жалықбайқызы

Тама Жалықбайқызы

XIX  ғ.
Тама Жалықбайқызы.Шығармалары //Асыл қазына: Жинақ / Құраст. Асанов Ж. – Ақтөбе: «Полиграф-услуги», 2001.-161 б.
«Молда Бәйім мен қыз» //Айтыс Т.2./ Жауапты шығарушы - Әлманов А.- Алматы:  Жазушы,1988.-151 б.

                                                   Молда Бәйіммен айтысы
         Бала ақын молда Бәйім жоғалған түйесін іздеп, бір ауылға келсе, үйдің алдында таңулы жатқан маймақ атанын көріп, жаңа атқа қонғалы тұрған бір ақсақалды адамға бір-екі ауыз мына өлеңді айтады.
Молда Бәйім:
Ассалаумағалейкүм, аға –інім-ай,
Мен келдім аға –інімді сағынып-ай.
Баладай екі өркеші маймақ атан,
Тұрсың ба көк арбаға таңылып-ай,
Болмаса тілден қуат көмегім жоқ,
Алармын сен түйені нағылып-ай.
Су ішіп, тобылғыны қырқа бермей,
Тобыңнан неғып қалдың жаңылып-ай?
Еліңнің басшысы жоқ бақа-шаян,
Болмай ма есік ойран, төрі талқан?
Бұл сөзге шамданған жаңағы қарт жетіру ішіндегі тама Жалықбай дегеннің ақын қызын молда Бәйімге қарсы айтыстырады.
Қыз:
Әуелі сөз бастайын құдайым деп,
Бастасам құдайым деп мейманға сеп.
Бір көлден бір көлге ұшар қаз бен үйрек,
Болмайды құрбы тату сақтаса кек.
Көнемін қалай десең, солайыңа,
Сырғалмен бір жүргені шын қара көк.
Жүйрікті шаппай, желмей таниды әркім,
Болған соң маңдайда орай, танауда шек.
Ел-халқым аз айтты деп өкпелемес,
Аузымнан лебізімді шығарсам тек.
Жамандай жүрегі жоқ қалтырама,
Жан құрбым, не де болса тізеңді бүк!
Молда Бәйім:
Қалың қар қапа жауған жүрегім мұз,
Құрбыжан, қабыл болсын тілегіңіз.
Құрбыңа келген жерден отыр дейсіз,
Отырсам табанымнан өтпей ме сыз?
Қыз:
Алыстан жүруші едім даңқыңды есітіп,
Өлеңнің дәу-перісіне шырқа өстіп.
Қандырып қалайықшы құлақ құрышын,
Біз үйде, сіз далада бір тілдесіп.
Астыңа сыз  өтпестей салсын бөстек,
Орынсыз лепірме сен киіп-төстеп.
Сабыр ет бір азырақ шыдап, жаным,
Дәстүр жоқ ақынымның алдын кеспек.