Сары Батақұлы

Сары Батақұлы

(1863-1895)
         Ақын, әнші, композитор Сары Батақұлы Шалқар  өңірінде дүниеге келген. Жасынан ән салуға әуестеніп, ел арасында «әнші бала» атанған. Ол әндері арқылы өз заманындағы әділетсіздік пен озбырлықты әшкерелейді. Үстем тап өкілдерінің қуғындауымен Ырғыз, Орынбор, Орск түрмелерінде болды. Орск түрмесіндегі тұтқындарды Сібірге айдап бара жатқан патша жендеттері «қашайын дегенде атып тастадық» деп жалған акт жасайды да, Орскінің солтүстік жағындағы Шилісай деген жерде Сарыны  сотсыз атып өлтіреді.
         Оның «Қыз  Қосан», «Дариға», «Әридау», «Дүния», «Сарының Сібірге айдалып бара жатқандағы әні», «Туған ел» әндері адамның жан дүниесін, ой-арманын, қиял-сезімін қозғайды. 1940 жылы  академик Ахмет Жұбанов «Сары» атты музыкалық пьеса жазды. Сарының әні «Аманкелді» фильміне пайдаланылды.
Сары Батақұлы: Өмірбаян // Шалқар энциклопедиясы / Бас ред. Тілешев Т.- Шалқар 2009.-253 б.
Сары Батақұлы: Очерк // Замана бұлбұлдары / Жұбанов А. -Алматы: Көркем әдебиет,1963.-204 б.
Сары Батақұлы: Өмірі мен шығармалары // Бес ғасыр жырлайды Т.3. / Құраст. М.Мағауин, М.Байділдаев.-Алматы: Жазушы, 1985.-103 б.
Сары Батақұлы: Өмірі мен шығармалары // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасы төрағасы Сағындықов Е.-  Ақтөбе:«Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС, 2006.-42 б.
Сары Батақұлы: Өмірі мен шығармалары // Жеті ғасыр жырлайды: 2 томдық. Т.2./ Құраст. Е.Дүйсенбайұлы.-Алматы: Жазушы, 2008.-247 б.
С.Батақұлы туралы зерттеулер, деректер, пьеса және оның шығармалары // Жарқ еткен жасын ғұмыр: / Құраст. Қалауов Н.- Ақтөбе, 2013.-126 б.
Асанов Ж:  «Баласы мен Батақтың  атам-Достан!»:  [Сары Батақұлы туралы] / Ақтөбе.- 2003.-27 қараша.
                     
                                       *             *              *
Басы  еді  Ұлықұмның  Қарашолақ,
Аяғы  көрінеді  Қаратамақ.
Суаттан мың жылқы ішкен айдын көлдей,
Ортада отырушы еді Тілеу-Қабақ.
Қасқажол, Қаратамақ, Қозыбұлақ,
Алдымда Қожасайы жатыр сұлап.
Басына Есеншағыл шауып шықсаң,
Көрінер елес-елес Қоянқұлақ.
Жері еді Жанқылыштың Қыздаршыққан,
Әулие Қошқарата Тұздан шыққан.
Батақтың ерке өскен Сарысы едім,
Болдым ғой осы күнде «Елден шыққан».
Мен өзім елден шығып Табын астым,
Табында бір жыл жүріп ажырастым.
Сұр бедеу қосарлыққа ол жарамай,
Құбылға Қаңбақтыда саудаластым.
Ырғыздан бір өткенде үш –төрт өттік,
Міндік те Тарлан атқа бөжектеттік.
Сарғайтқан сағынғаннан сорлы Қосан,
Тұсыңнан айтып өлең талай өттік.
Қанды көз, қасқа Қосан, бол риза,
Ақыры міне, мұндай күйге жеттік.
Көрем бе, көрмеймін бе, қайран елім,
Қош болғын, алыс сапар, Сібір кеттік.