Сарышолақ Боранбайұлы

Сарышолақ Боранбайұлы

(1858-1927 )
         Сарышолақ Боранбайұлы Шалқар өңірінде дүниеге келген, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ ақындарының ең көрнектілерінің бірі.  Суырып салма ақындығымен қатар шешендік, домбырашылық, әншілік-сазгерлік өнері болған. «Әридаш-ай», «Қарағым-ай», «Тама қыз», «Ұлықұм» атты әндер шығарған. Ел қорғаны Мырзағұл Шыманұлымен үзеңгілесе жүріп, елінің жоғын жоқтаған. Өлеңдерінде сол кездегі орыс отаршылдығының қазақ жеріне әкелген қасіретін, ұлт басына туған ауыр күндерді ашына бейнеленген. Ақтөбе, Орынбор, Орал, Орскі (Жаманқала) қалаларын аралап, Көкжар, Орынбор, Қарақамыс жәрмеңкелерінде өнер көрсеткен. Сыр бойында Нұртуған ақынмен жүздесіп, Жетес бидің батасын алған. Ол айтыс өнерінің де шебері болды. Сарышолақтың айтыскерлігі айрықша суырып салма қабілетімен,терең біліктілігімен, аңғарымпаздығымен, аяқ астынан  сөз табатын ұтқырлығымен бағаланады. Ол айтыстың екі түріне де жетіктігімен ерекшеленеді.
Сарышолақ Боранбайұлы. Өмірі мен шығармалары // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасы төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе, 2006 .-48б.
Сарышолақ Боранбайұлы.Өмірі мен шығармасы // Ғасырлар тоғысындағы қазақ жыры / Құраст. Дүйсенбайұлы Е.- Алматы: Раритет, 2007.-362 б.
Азаттық еді аңсаған // Сарышолақ Боранбайұлының таңдамалы шығармалары / Құраст. Асанов Ж. -Алматы: Ел-шежіре, 2011.-352 б.
Сарышолақ Боранбайұлы.Өмірі мен шығармалары // Адырна: Ежелгі жыраулар / Құраст. Асанов Ж. –Ақтөбе:«Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС, 2011.-129 б.
Сарышолақ пен Сәлім   //Қазақ өнерінің антологиясы. 25 томдық. Айтыс. Т.ІІ. / Құраст.М.Жолдасбеков, Р.Әлмұханова. –Астана: Күлтегін.-2014.-86 б.
Ашықбаев Е. Заманның көзі: [Сарышолақ Боранбайұлы туралы]  // Ақтөбе.- 2007.-  15 наурыз.           
                                                           Ұлы құм

  Ұлы Құм-ау, Ұлы Құм,
Түйе бойлы шілігің,
Аңқып көкірек ашатын,
Жидекті бал шырының.
Айналайын, Ұлы Құм,
Жаз болғанда тербеліп,
Шәушілдейді шыбығың.
Бәйшешегің көкке сермеліп
Қыздай еді қылығың.
Қояның қойдай өретін,
Шіл құлдырай жөнетін.
Қарсағың қашып қырқадан,
Әр төбеден түлкі өнетін.
Кекілік шулай асатын,
Тұрымтай  ән сап беретін.
Үкілер улеп түнімен,
Ерекше күйге басатын.
Бұлдырық ұшар зуылдап,
Күзенің қашар шуылдап,
Қырғиың қалқыр қырындап.
Қасқырың жортса қаңтарда,
Торғайың дүрік дуылдап,
Доңызың жөңкір дызылдап.
Мәлін  несібе айырып,
Дуадақ қанат қайырып,
Сауысқаны шақылдап,
Байғыздары шаңқылдап,
Ат қайшылап құлағын,
Жапалақ ұшар жалпылдап.
Тіршілігім –Ұлы Құм,
Құм да болса Алтын бақ!