Жұбаниязов Сәндібек

Жұбаниязов Сәндібек

1966 жылы 2 сәуірде Әйтеке би ауданының Жабасақ ауылында дүниеге келді. Орта мектепті бітірген соң қой өсіруші комсомол жастар бригадасында еңбек етті. 1989 жылы Орал ауыл шаруашылығы  техникумының агрономия  бөлімін,  1996 ж. Қазақ мемлекеттік университетінің   журналистика факультетін бітірді. Республикалық «Жалын», «Зерде» журналдарында, «Қазақстан -1» телеарнасында, ҚазМУ-дің баспасөз орталығында, «Азия-Информ» баспасында, ҚР ҰҚК шекара қызметінің «Шекарашы» журналында бөлім меңгерушісі   қызметтер болып жасады.

Жұбаниязов С. Жасыл әлем: Жыр жинағы. -Алматы: Жазушы, 1996.  
Жұбаниязов С: Өмірбаян мен өлеңдері // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы. / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе, 2006.-355 б.            

             Жасыл әлем
                                          Гүлнарға
Қара түннен дерт еміп,
Қызыл күнге өртеніп,
Өзімді-өзім:
Сары мұңнан мүлдем без
Қоңыр жырға,-
Деп жұбатып жүрген кез, -
Сына, өмір, -деуші едім
Сал арыма.
Күмәнданба қоңыр боп қаларыма.
Тыныштығым тулады түлен түртіп
Жасыл әлем елестеп жанарыма.
Жасыл әлем,
Нұрлы әлем –мәңгі жасыл.
Қиялымда бір сезім салды да асыр,
«Құпияңды айтшы» деп жалбарындым
Құшағыңа құласын күнбағыс ұл.
Жасыл әлем жайлауы жанарлының
Жасыл әлем... жаныма жамалды мұң.
Айналардай ол жоқта асыл затқа
Көк тиындық құны жоқ адалдығым.