Қалдина Гүлжайнар

Қалдина Гүлжайнар

            Шалқар ауданы,Аққайтым ауылында туған. 2003 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін журналистика факультеті бойынша бітірген. С.Томанов (Алматы-2003), Қожа-Ахмет Яссауи  (Түркістан -2007) атындағы және «Өлең, мен сені аялап өтем» атты (Атырау-2010) республикалық ақындар мүшәйраларының жеңімпазы. 2011 жылы Павлодарда өткен республикалық жас қаламгерлер фестивалінің лауреаты, Тұманбай Молдағалиев атындағы арнайы сыйлықтың иегері, Солтүстік Қазақстан облысында өткен Мағжан Жұмабаевқа арналған республикалық жыр мүшайрасының жүлдегері. Н.Байғанин атындағы қалалық балалар кітапханасының директоры.

Қалдина Г.Әке әлдиі: Өлеңдер жинағы.- Алматы: Жалын, 2012.-160.
Қалдина Г. Үн: Өлеңдер жинағы. - Ақтөбе, 2012.-124 б.
Қалдина Г.Өмірбаян мен өлеңдер // Шұғыла: Жас ақындар жинағы. -Ақтөбе,   2012.-7 б.      
                                 
    Жайықта қалған сағыныш
Өзгелерге өрекпіген өр кеуде,
Болады екен жылауға да шер пенде.
Бір –біріне сүйсінетін жалғанда,
Жақсыларға жармасатын сор кем бе?
Арман болып алыстағы биік тау,
Күнәм-көркем көздеріңнен күй ұқпау.
Жармассаң да жарығына жалғанның.
Күлкімді бер!
Күміс бағым тұйықтау.
Сызыл әнім, әсерінен сор басым,
Сызылта бер қайырмасын, жалғасын.
Ашық айтам Әзірейіл келсе де,
Көмейіме құйсын сосын қорғасын.
Азалайтын жапан түзде тал жалғыз,
Ғазал айтып,
Ғаріп мұңмен қалған қыз.
Бүгінгісі пері дауыл. ...Пейіш-мұң,
Ертек бақыт –Ертең оны сомдармыз...
Кеш кездестік. Осы бізге айып мың.
Мендік үнді кең санаңа сай ұққын!
Сенің бейнең қонақтады санамда,
Біздің бейне –жағасында Жайықтың.
Ғайып өмір.
Ғайып тірлік.
Ғайып түн.
Жайып уын жайлап өткен қайып мұң.
Үнім қалды бақшасында байыптың,
Ал, мен өзім Наласы нән Жайықпын.

  *       *      *
Жаныма сауға сұраман,
Кірпігімнен күн сүймесе сүймесін.
Көңілімде бір алаң...
Тынымсыз күн ағытады түймесін.

Сүйсіне алмай опа-далап жаққанға,
Үңіліп ем Жүрегіне
Не таптым?
Кеудесіне алтын-күміс таққанға
Ақ шапанын кигенінен атақтың...

Күтем солай биіктік!
Көргеніңіз бар ма? Бәлкім айтарсың...
Күн сімірген көкжиекте тұйықтық
Шексіздікті қайтарсын!

Айт солай деп!
Дүбірі мықты дүние,
Дүрмегіңнен жаның, тәнің тоңбай ма?
...Мендік Жүрек сыйға тартсам кім ие?
Мендей сүю болмайды ә!!!

    *       *       *
Мен өмірді сүріп келем. Сүремін,
Ай мен күннің күлгеніне илана.
Тар көшеде талықсиды жүрегім,
Дос іздеген диуана.

Алқымыма айла қадап мың түрлі,
Қансыз-сөлсіз жүрек жұтқан кеуделер.
Кім құрсақта арамдықпен бұлқынды?
Сырқат шығар... Емделер...

Дәруіштей дауа іздеуім далбаса,
Құлқын –қоғам, неге әлі өгейсің?
Өмір, менің сенер досым болмаса,
Неге келдім, не дейсің?

Мен өмірді сүріп келем, жарығым,
Ай мен күннің күлгеніне илана.
Тар көшеде тоңып отыр тағдырым –
Дос іздеген диуана!