Құрманәлі Дәуітұлы

Құрманәлі   Дәуітұлы

(1892-1938)
         Қазіргі Әйтеке би ауданының Қарабұтақ елді мекенінде дүниеге келген. Ырғыз бойы, Арал, Шалқар, Қазалы өңірлеріне белгілі ақын. Құрманәлінің толғаулары мен термелерін білетін жыраулар ел арасында әлі де ұшырасады. Құрманәлі кезінде айтысқа да түскен. Сол айтыстарының бірі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған «Айтыс» көп томдығының 2- томында (1966ж.) жарияланған. Ол Құрманәлінің Мәриям қызбен айтысы. Құрманәлі Дәуітұлы 1938 жылы Қазалы ауданының «Дихан» ұжымшарында дүниеден өткен.

Қ.Дәуітұлы: Өмірбаян //Ақтөбе энциклопедиясы / Бас ред. Тажибаев М.- Ақтөбе.- 2002.-377 б.
Құрманәлі Дәуітұлы. Өмірбаяны мен өлеңдері // Әйтеке би аймағының этномәдени мұрасы / Құраст. Мұсаев А. –Ақтөбе , 2006.-144 б.
Қ.Дәуітұлы. Өмірі мен шығармасы // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасы төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе, 2006.-79 б.
Құрманәлі Дәуітұлы: Өмірбаян // Ырғыз энциклопедиясы / Бас ред. Әттиев М. –Алматы: Дала ЖШС. 2010.-146 б.
Құрманәлі Дәуітұлы.Өмірі мен шығармасы // Адырна: Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов.- «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС, 2011.-316 б.

                               Қазақтың болған панасы
                                            (толғаудан үзінді)
...Ерғайыпты хан сайлап,
Супазыны пір сайлап,
Қалмаққа күнде аттанған
Жәнібек, Есет ту байлап.
Кіші жүз байтақ ел болды,
Ыңырсыған жылқы айдап.
Қыс болса көшіп Қызылға,
Жаз бөлек шалқар көл жайлап.
Мен айтайын барымды,
Ерғайып -Есім ханымды,
Адайдан шыққан Әбілді,
Байлыдан шыққан Байтақты.
Тамадан шыққан ер Есет
Мұсылманға жағымды.
Қарабатыр Тәлтекем
Найзасын көктей өткерген,
Досын жақтап бір кезде,
Кемеліне жеткізген.
Сол секілді ерлерім
Бескүншілік жалғанда
Дәуірін бастан өткізген.
Тоқадан шығып би болды
Кешегі Сәтбай данышпан.
Белгілі жүйрік озбай ма,
Қиғаштаған шабыстан...
Алшыннан шыққан белгілі
Жетікедей болысы,
Қосқұлақтың ақыны.
Бақы би ері данасы.
Үлгілі сөзді бастаған
Қатардан артық шамасы.
Айырып ата айтуға
Білуге қиын болып тұр
Төрт шөменнің арасы.
Жылқы малдың болмайды,
Арғымақ аттай шабысы.
Өзен сумен тең болмас
Дарияның ағысы.
Айтқан сайын өрлеймін,
Жорғаңның қалай шабысы.
Тобаберген баласы
Кешегі өткен би Алмат
Алысқа кеткен дабысы.
Қарадан туып хан болған,
Ұнаған жұртқа әр ісі.
Айып етпе, жақсылар,
Сөзімнің болса шалысы.
Алматтан туған белгілі
Мынау жүрген Самырат
Әлім-шөмен ішінде
Бәйгеден келген тарлан ат.
Сыпайылығын оздырған,
Сөйлеген сөзі бек қымбат.