Нұрғали Жанар

Нұрғали Жанар

1974 жылы Ырғыз ауданының Нұра ауылында дүниеге келді.  1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетін  аяқтады. 1998 жылы Қызылорда қаласында өткен ақын қыз-келіншектер жыр мүшәйрасының жеңімпазы атанды.
Ырғыз аудандық «Ырғыз» газетінде, республикалық «Алтын Орда» гезетінде тілші, облыстық тілдерді дамыту басқармасында қызмет істеген.


Нұрғали Ж: Өмірбаян мен өлеңдері // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе, 2006.-376 б.
Нұрғали Ж: Өмірбаян мен өлеңдері // Гүл-ғұмыр: Батыр Ә.Молдағұлованың 80 жылдығына арналған ақтөбелік ақындардың  өлеңдер жинағы. -Ақтөбе, 2005.-97 б.
Нұрғали Ж: Өлеңдер // Білезік. -2011.- №1. -32 б.  

                                          *      *         *
Түсінер сәтте мен сені,
Түсіне алмасам кеш, Адам.
Жер басып, есін жоғалтқан,
Өлеңші, мен бір есалаң.
Жалғыз-ақ арман естіден,
Қайткенде, қайтіп өш алам?!

Білетінім бе, екеу-ақ,
Өмірстан мен Көрстан.
Нешеме ойлар екі осы
Белдеуде ғана тоғысқан.

Естірек ем ғой, есімді,
Өмірстанда жоғалттым.
Құлай да сенген жандардың,
Сеніміне, бәлкім оқ аттым.

Есіңді жи деп тақылдап,
Тіл, көмейім де құрғаған.
Құмырсқа -тірлік илеуге,
Ессіздігімнен шырмалам.

Жындыны, сірә, ана әлем,
Қимылынан –ақ ұғатын.
Мысқылдап қарап күле ме,
Үстіме құлап мына түн.
Жоғалма, жалғыз жүрегім,
Естіде кетіп мың ақың.


Бұлбұлдың әні
Ей, адам, бітсін, осымен,
Жетеді. Тойдым. Тойдырдың.
Адамдық қана тосып ем,
Жалғанға жанды ойдырдың.

Келіп жүр енді безінгім,
Сендік әлеммен қоштасып.
Бақыттырақтау кезімнің,
Арманыменен достасып.

Санаңда ғана жаңғырып,
Жоғалсам деймін жанардан.
Жеріңе кеппін қаңғырып,
Бұйырып уға балар дәм.

Кінәңді маған артпашы,
Жасырып қалып жақсымды.
Екінші әлемнің қақпасы –
Саған – мұң, маған –бақ сынды.

Жетпейді мұңым, ап кетем,
Буымен Айға жаңбырдың.
Елегзір жырым, ақ көкем,
Қалғанын басқа қалдырдым.
Алып кетіңдер жұлдыздар,
Келмейді қайтып қаңғырғым.
Алып кетіңдер, жұлдыздар...