Ізбасарұлы Исатай

Ізбасарұлы Исатай


1997 жылдың 8-ші маусымында Ақтөбе қаласында дүниеге
келген. Батырлар мекені – Қобда өзенінің бойында, Жарық ауылының топырағына
туып өскен. 2015 жылы М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға
арналған, мамандандырылған мектеп-интернатын бітірді. 2017 жылы Қ.Жұбанов
атындағы АӨМУ филология факультетінің Қазақ филологиясы мамандығына түсті.
Өлеңдері облыстық, университеттік шығармалар жинақтарында жарық көрген.

Ізбасарұлы И. Жас қаламгер:Шығармашыл жастар жинағы.- Ақтөбе: "Жұбанов университеті" баспасы.-2018.- 114б.
Ізбасарұлы И.  Жауқазын: Жас ақындар жинағы.- Ақтөбе: "Хабар-Сервис" ЖШС баспасы.- 2018ж.- 208б.


Ақсақалдар

Тылсымдайын далада ғажап қылаң,
Көкжиекті жасырған сәл ақ тұман.
Қырау шалған ағаштар өзен бойы
Ақсақалдар секілді қарап тұрған.

Жамылып ап кіршіксіз қардай құтты
Даладағы аңдиды әр жайтты.
Күн нұрына бөленіп бойын алған
Қара талдар ақ түсіп қартайыпты.

Жасырғандай құдды бір ақ қараны
Қара талдар қыраумен қапталады.
Сұмнан сақтап ақсақал қырау талдар
Аңдып тұрған секілді ақ даланы.

Елді баққан ежелден атам екен,
Қамын қуып кетіпті жаққа бөтен.
Ақша талдар даланы қалай бақса,
Солай бізді аталар баққан екен.

Аталарым аңызын біз жаттаған
Ел табанын ешқашан сыздатпаған.
Қырау қарып, жандарын жалмағанда
Ақша талдар секілді міз бақпаған.

Шыбығына жаз түссе, шаң жұттырған,
Қытымырда қырауға шалдықтырған.
Өзен бойлап бой алған аққұбалар
Аталарым секілді аңдып тұрған.

Ақ сақалды, ақ шашты ақша талдар,
Байқамаған шығар да басқа жандар.
Қоныс тіккен Қобданың жағасына
Мен сіздерді сыйлаймын, ақсақалдар!



Өлең

Кейде жырым оқысаң, жан тербейді,
Мұң шалады жаныңды, шат кернейді.
Арындатқан ағынын бөгемессің
Жер қайысқан қолыңды әкел, мейлі.

Жазамын деп жарамды, кеселімді
Маужырамай өткіздім неше түнді.
Жырлағанда тіршілік дамыл тауып,
Жыр оқысам, тыңдауға көше тынды.

Мүмкін оған сенбесің, сенерің де,
Өлеңімде өмірім, өнерім де.
Алдарыңда тұрған жоқ Исатайың,
Исатайың жазылған өлеңімде.



Отан

Отан, неткен ыстық ең оттан бетер,
Сен дегенде садағын тартқан нөкер.
Сен дегенде аянбай қайран Қазақ
Атқа қонып, "Аллалап", "Аттан" деген.

Ұмтылатын мені де ала шыңға
Отан менің қос біткен қанатымда.
Тамшысын да жауынның тигізбеймін,
Жолатпаймын отты да жалатуға.

Өлең болып құйылған қаламыма
Отан менің жасымда, жанарымда.
Ататұғын алаңсыз таңың үшін
Жаным болсын берерің, аларың да.

Отан менің намысым, Отан- арым.
Артық көрем жанымнан жоталарын.
Жалындатып Отанды жырлау үшін
Отанымнан өшпеске от аламын.

Егін болып бітем де алқабына
Қуанамын Отанның әр таңына.
Мақсатына қолы боп ұмтылам да,
Тұлпары боп апарам арманына.