Баймұхашева Данагүл

Баймұхашева Данагүл


            1990 жылы 5-қаңтарда Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы Құрылыс ауылында өмірге келген. Ақтөбе педагогикалық институты филология факультетінің түлегі. Өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып жүр.

Баймұхашева Д.Өмірбаян мен өлеңдер // Шұғыла: Жас ақындар жинағы. -Ақтөбе, 2012,-57 б.

                                                 Өлең –құдірет
Жан  серігім, сырласым, өлең-өрнек,
Мұқағалиша жырласын бүгін жүрек.
Жан-дүниемді жайратып тастайыншы,
Бір серпіліп қалайын қайта түлеп.
Өлең, сенсің, азығым, бар байлығым,
Өзің барда менде жоқ еш қайғы мұң.
Көкіректі шабыт кеп билеп алса,
Түсіремін қағазға бар жайды мың.
Шабыт кернеп кеудемді дүркіредім,
Найзағай боп түсімде күркіредім.
Күркіреткен сол –дағы құдірет бір,
Өлең әлде жан дүнием ...
Сілкінемін.
Сілкінемін. Мүмкін ол шабыт тұнған,
Жүрегімде жыр –алқа тағып тұрған.
Бас иемін құдірет сол өлеңге,
Мұқағали, Мұхтарды бағындырған.

Сезім алқасы

Үзілді сезім алқасы,
Жүрекке өзің сыйлаған.
Ойланып өзің байқашы,
Кезім көп еді қимаған.

Күтумен сені сан мәрте,
Өтіпті босқа уақытым.
Басымнан ұшты тым ерте,
Аңсаған аппақ бақытым.

Жанашыр болар деп едім,
Есіңе де алмадың.
Өкпелімін демедім,
Жаныңа жақын бармадым.

Ұзады күндер жырақ боп,
Бірақ мен әлі сендікпін.
Жаныма жалау тұрақ жоқ,
Азабын тарттым кемдіктің.

Сен көпсің.
Ал мен жалғызбын,
Мұңдасым ғана өлеңім.
Басында тұрмын шың-құздың,
Итерсең болды.
Өлемін.

Болса да құрбан қу жаным,
Тоқтаса –дағы жүрегім.
Ол жақта сенің –ардағым,
Періштең болып жүремін.