Ақтан Керейұлы

Ақтан Керейұлы

(1850-1912)
Әрі ақын, әрі жырау Ақтан Керейұлы 1850 жылы қазіргі Ақтөбе өңірінің Байғанин ауданына қарасты Сағыз өзені бойында туып, 1912 жылы сол өңірдегі Шибұлақ деген жерде «Әбділлә қорымында» жерленген. Руы Адайдың Жеменей Кенжесі, оның ішінде Қойсары аталығынан, Қойсарыдан Барғана, одан Абдолла, Абдолладан Керей, Керейден: Жамансары, Ақтан, Тұрғанбай. Ақынның атасы Абдолла – ел аузында әңгімелері қалған айтулы сыншы. Өз әкесі Керей еңбегімен күн көрген кедей шаруа ғана. Ағасы Жамансары ділмар-шешен, інісі Тұрғанбай елге сыйлы азамат болыпты.
Ежелден халық таныған адуынды ақын, жан барында жайнап, тіл барында сайрап өткен жалынды жыршы Ақтанның өзі де кедейлікпен күн кешкен. Отбасы ошақ қасына айналып, мал бағып, шаруа күйттеп қалмай, ол өмірінің көп жылдарын өнер қуумен өткізген.
Ақтан адамшылық  қасиет, адалдықты шығармаларына арқау етіп, бұқара мүддесі үшін күрескен батырларды («Ерлік жыры») жыр еткен. Сонымен бірге «Қырымның қырық батыры» сияқты ерлік дастандарын жырлап, таратқан. Жыраудың өлең -жырлары қазақ әдебиетінің ерекше құбылысы ретінде танылған.
Керейұлы Ақтан: Өмірбаяны мен шығармалары //Бес ғасыр жырлайды. 3 томдық. Т.3 / Құраст. М.Байділдаев,М.Мағауин.-Алматы: Жазушы,1985.-50 б.
Керейұлы Ақтан: Өмірбаяны мен шығармалары //Бес ғасыр жырлайды. 2 томдық. Т.ІІ. / Құраст. М.Байділдаев, М.Мағауин.-Алматы: Жазушы,1989.-204 б.
Керейұлы Ақтан: Өмірбаян мен өлеңдері  // Ай, заман-ай, заман-ай... (Бес ғасыр жырлайды) : 2 томдық. Т.2 / Құрастырушы М.Мағауин, М.Байділдаев.-Алматы, Қаз ССР Баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитеті Бас редакциясы –РББ,1991.-204б.
Керейұлы Ақтан: Өмірбаян // Маңғыстау энциклопедиясы / Бас редактор Ә.Кекілбаев.- Алматы: Атамұра, 1997.-208б.
Керейұлы Ақтан: Өмірбаян // Екі мыңжылдық дала жыры / Бас редактор Ә.Нысанбаев.-Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2000.-230б.
Керейұлы Ақтан: Өлеңдер // Асыл қазына (жинақ) / Құраст. Ж.Асанов.-Ақтөбе, 2001.-91б.
Керейұлы Ақтан: Өмірбаян // Ақтөбе энциклопедиясы / Бас редактор М.Тажибаев.-Ақтөбе: «Отандастар-Полиграфия» ЖШС.-2001.-230б.
Керейұлы Ақтан: Өмірбаян // Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Б.Әбдіғазиев.- Алматы: «Аруна-Ltd.» ЖШС,2005.-28б.
Керейұлы Ақтан: Өмірбаян// Жәдігер. Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе, 2006.-25б.
Керейұлы Ақтан: Өмірбаян // Қазақстан. Ұлттық энциклопедия 10 томдық. Т.І / Бас редактор Б.Аяған.- Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 2007.-211б.
Керейұлы Ақтан: Өмірбаян // Ғасырлар тоғысындағы қазақ жыры: ХІХ ғасырдағы және ХХ ғасырдың басындағы поэзия / Құраст. Е.Дүйсенбайұлы. -Алматы: Раритет, 2007.-287б.
Керейұлы Ақтан: Өмірбаян // Байғанин ауданы энциклопедиясы /Бас редактор    Б.Кемешов.-Ақтөбе: «NOBEL» баспасы.-2008.-67 б.
Керейұлы Ақтан (1850-1912) // Жеті ғасыр жырлайды. 2 томдық. Т.ІІ. /Құраст. Е.Дүйсенбаев.-Алматы: Жазушы, 2008.-157б.
Керейұлы Ақтан: Өмірбаян мен өлеңдері // Адырна. Т.1 Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов.- Ақтөбе кітапханасы, 20 томдық. Т.1. «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС 2011.-98б.-Ақтөбе кітапханасы сериясы.
Әзи Е. Ақпа жырдың Ақтаны: Өлеңдер. – Ақтөбе -2016.
Керейұлы А. Жайық деген жанды су: Өмірбаяны мен шығармалары/ Құраст. Әзи Е. –Ақтөбе,2015.-248б.
Ақтан Керейұлы: Ақындар аманаты: [Қазақтың ауызша әдебиеті] Ақтан Керейұлы, Доскей Әлімбайұлы, Аралбек Оңғарбекұлы шығармалары /жобаның авторы Б.Ыбырайымов. -Алматы: «НұрлыPress.kz», 2014.-288б.
Асанов Ж. Ақтан ақын:  Зерттеу // Жұлдыз.- 2012.-№4.-171б.
Байдәулет Қ. Ақтаңгерей емес, Ақтан Керейұлы... Ақын-жыраудың аты неге қате айтылып жүр? // Айқын. 2013.-14 мамыр (№82).-6 б.
Сисенов Б. «Жан барында жайнайын, тіл барында сайрайын...» // Ана  тілі. 2013.-№32.-15-21 тамыз.
                                                       *        *       *
Қалағандарың сөз болса,
Мен жырлауға құмармын,
Шұбалаң құйрық шұбармын.
Шапқан аттай саулаймын,
Жанған оттай қаулаймын.
Не қылғанмен дер күнім,
Бұлдыраған таудаймын.
Екі атысқан жау болса,
Арасында панамын.
Мен –ақбауыр кер жорға,
Әдемі басқан аяғын.
Қарасаң көзің жеткісіз,
Жылмиып жатқан даламын.
Жортар атқа жеткісіз,
Ұзын бауыр саламын.
Жоғарыдан аққан Жайықпын,
Теңізге құйған аяғын.
Күншығыстың күшті желімен,
Ылайлатып ағамын.
Сөйлемеймін мен неге,
Қашаннан да мен өзім,
Заржақ туған баламын.
Сөйлесем сөзді табамын,
Сөйлей-сөйлей аламын.
Көпшілік сөйле дегенде,
Кідірмеймін жел сөзге,
Кеудедегі білгенді,
Алдыңа төгіп саламын.
Сөйлей-сөйлей берейін,
Сөз жүйесін көрейін.
Әрі-бері сөйлесем,
Бұ да өзімнің мерейім.
Сөз дегенің бұйым ба,
Сөйлегенім қиын ба?
Талай-талай сөйледім,
Сатырлаған жиында!