Әлім Қожахмет Бұжыртегі

Әлім Қожахмет Бұжыртегі

(1854-1913)
            Қожахмет 1854 жылы Мұғалжар ауданында дүниеге келген. Ата-тегі-Әлімұлы, шектінің назары. Әуелі әкесінің бауыры Жәкібай хазірет  мешітінде оқыған, сосын Орынбор, Троицк қалаларында білім алған. Өз дәуірінің сауатты адамы. Молда, әрі ақын. Оның дүниетанымын, ақындығын Кердері Әбубәкір жоғары бағалаған. Ақынның Әбубәкірмен айтысы өзінің көзі тірісінде «Дала уәлаяты» газетінің 1900 жылы №23-24 сандарында «Қожахмет молданың Әбубәкірге айтқан жұмбақтары» деген атпен жарияланған. Қазақтың көрнекті ақыны Нұржан Наушабаевпен де айтысқан.
            Ақын айтыстарында Ресейдің отарлық езгісінің астарын елге түсіндіруге тырысады. Қазақ Ордасының баяғы басы бостан уақытын көксейді.
            1913 жылы дүние салған ақынның асыл сүйегі Қандыағашқа, әкесі Меңдіәлінің қасына жерленген.

Бұжыртегі Қ: Әлім Қожахмет пен Кердері Әбубәкір // Асыл қазына: Жинақ / Құраст. Ж.Асанов. -Ақтөбе, 2001.-184 б. 
Бұжыртегі Қ:  Өмірі мен шығармалары //Адырна: Т.1 Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов.- Ақтөбе ЖШС, 2011.-118 б.

Әлім Қожахмет пен Кердері Әбубәкір
(үзінді)
Қожахметтің бірінші жұмбағы:
   Қалам алып хат жаздым,
     Әбубәкір бұлбұлға,
Өзгерді заман жыл-жылға,
Бір иірім тоғайға
Бір қара құс қоныпты,
Көзім түсті құрғырға.
Біздің қазақ баласы
Қара құсты сұңқар деп
Ең әуелі бас көрді,
Жүре-жүре қас көрді.
Қанатыменен қақпалап,
Тұра-тұра нос берді.
Сіздің жақтан шықты да
Ерні салпы  қара құл,
Қанатын жайып дос көрді.
Құлдың біліп  құрметін,
Басындағы  сыпырып
Томағасын бос берді.
Құлдың қорқып түсінен
Шошынып тұрдым алаңдай.
Ақылым қайран дал болды,
Мәнісін мұның таба алмай.
Сонан бері жүр едім,
Әбубәкір сені көре алмай.
Бір-екі жазған адамым
Құр адасып қайтарды
Жауабымды бере алмай.
Біздің халықтың билері
Айтушы еді білгір деп,
Қызыл тілге бұлбұл деп,
Қолыңды барып алайын,
Бұл сөзімнің мағынасын
Шешіп берсең бір-бірлеп,
Мен де ақын бәйге алғандай,
Өзімді жүрмін құр-құрлап.
Бауырыңа жабыстым
Сен бір –мылтық, мен-құндақ,
Саған арнап жібердім,
Үшеуі кем он жұмбақ.
Білгіш болсаң шешерсің,
Бұл сөзімді сен тыңдап.
Бұл сөзімді білмесең,
Біздің халықтың билері
Мақтайды екен құр шулап.
Екінші жұмбақ:
Еділден шыққан мың дария,
Мың дарияның ішінде,
Ең абзалы бір дария.
Көбігі тасып көкке ұшса,
Бөгейтұғын құл қайда?
Құлға берер пұл қайда?
Бұл сөзімді айыратын,
Ақылменен шешетін
Қайласы асқан сұм қайда?
Кердері Әбубәкірдің
   Қожахмет жұмбағын шешуі
      Бірінші жұмбаққа жауап:
Қожахмет, жорыдым
Сенің көрген түсіңді.
Осылай деп жорыдым
Түсіңде көрген ісіңді.
Қалмаққырған бойында,
Бір адам деп жүр едім,
Көп алтынның ішінде
Ханы ма деп жорыдым
Қара құл деген кісіңді.
Оязбенен дос болып,
Наградқа сол ғана
Бір жақсы сандық алыпты.
Бұл сөзіңнің түбіне
Әбубәкір түсінді.
Өтпес жерге оқ атып,
Молдекем неге ісінді?
Алшайып атқа мінген соң
Көрген жауым сен емес,
Көбентайдай ұшымды.
Рас айтсаң жөні осы,
Өтірік айтсаң тапсырдым
Бір Аллаға ісіңді.
Ойнап-күле шешермін,
Бұл сөзіңнің мәнісін.
Талай жерде құлаққа
Келуші еді дауысың.
Хабарыңды білсем де
Жүзіңе жоқ-ты танысым.
Біздің жақтан бір кісі
Хәкімге жақын болды деп,
Айтыпсың сөздің шалысын.
Өткен айдың басында
Хатыңа жазған жолықтым.
Астын-үстін ойланып,
Мәнісіне қанықтым.
Ел ішінде мінді көп,
Жаманы бар-ды халықтың.
Сенің айтқан сөзіңді
Ойымменен өлшеулеп
Ақылымды жорыттым.
Бұл не деген ғаламат,
Бойын жұмбақ қылыпсың
Еділ менен Жайықтың!
Біз-Жетіру, Сіз-Әлім.
Бәріміз Кіші жүздің баласы.
Құдай деген құлдардың
Қабыл болар тобасы.
Сөз жүйесін табуға,
Қайып ерен қырық шілтен
Жар болар ердің бабасы.
Екінші жұмбаққа жауап:
Еділдің бойы мың дария,
Мұны тапшы дегенің.
Еділдің бойы жағалай,
Русиенің салған қаласы.
Сол дарияның ішінде
Бірі абзал дегенің,
Орынбор екен шамасы.
Күңірентіп мал сатып,
Ақшалай кісі жиналса,
Қызық болар арасы.
Дүйім қазақ келмесе,
Бір адамың жетпейді
Қыздыруға сомасы.
Көңілім білсе көз танып,
Сөздің осы расы.
Мен де өзіңдей азамат
Сүрінтем деп хат жазған
Бәрекелді молданың,
Ақылының данасы.