Жолдығарин Елдос

Жолдығарин   Елдос


1999 жылы Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық кентінде дүниеге келеген. Темір ауданы, Шұбарқұдық гимназиясының түлегі. 2017 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филиология факультетіне оқуға түсіп, қазіргі таңда аталмыш университеттің студенті. Республикалық «Жұлдызға жол», «Жырлайды жүрек» мәнерлеп оқу байқауларының жеңімпазы. Қазақстан Жазушылар одағының арнайы грамотасының иегері.

 *         *         *
Тіршілікте бір жығылып, бір тұрып,
Бұлаң қағып бұлғақтайды-ау түлкі үміт.
Сағым болып сарғаяды өткен күн,
Кешегінің тәтті елесін жымқырып.

Кімді жеңдім? Ал, кімдерден жеңілдім?
Кімді сүйдім? Ал, кімдерден жеріндім?
Босағасын кім нұсқады қолымен,
Маған арнап ұсынып ед(і) төрін кім?!

Қай досымның берекесін қашырдым,
Қай досымның абыройын асырдым?
Кім ұсынды, маған арнап ақ нанын,
Маған қарай бағыттады тасын кім?!


Мен жарассам, жайсаңдармен жарастым,
Мен сырласпын сырбазымен алаштың.
Жамандардан өн бойымды алшақ сап,
Шамам келсе тек жақсымен жанастым!

ДОСҚА СЫР
Өмір берген еншіңді алға өңгеріп,
Бақыт іздеп, сандаласың, сенделіп.
Мүлт кеткенде төмендетпе өзіңді,
Жүре бара кетесің ғой, жөнделіп.

Сан теперіш көрген кезде тағдырдан,
Адам аз ба, ібілісі азғырған?!
Бірақ, сенің дақ түспесін арыңа,
Деген бабаң: «Арым үшін жан құрбан!»

Сотқар санаң бөлінгенде сан-саққа,
 Сары уайыммен өзіңді-өзің шаршатпа!
Намысыңа жанығанда лаулайтын,
Үміт отын сөндірмегін әр шақта!

Ой-шұңқырлар,сай мен жыра жолдағы,
Саған бөгет бола қоймас ол дағы.
Өзің сүрген өлшеулі бұл өмірде,
Сүрлеуіңді салып кетсең болғаны...!