Баймұхан Жомарт

Баймұхан Жомарт

1993 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Нұра ауылында дүниеге келген.
2009 жылы Ырғыз ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебін бітірді. Сол жылы Ақтөбе қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы гуманитарлық колледжде «Мәдени ұйымдастырушы және оркестр жетекшісі» мамандығы бойынша оқуға түсті. Қазіргі таңда Қарғалы аудандық балалар өнер мектебінде домбыра класы бойынша ұстаздық қызмет атқарады.
Баймұхан Ж. Қарғалы құшағындағы өлең... / Алматы, 2016.-85б.


                    Есімде
Сырласқаным әлі есімде көп-ақ түн,
Білсең сені бір көргеннен ұнаттым.
Жанарыңнан оқып алдым мендегі
Жауаптарын жүректегі сұрақтың.

Гүл Ақтөбе ақ мамыққа оранған,
Аппақ болып қол бұлғайды жол алдан.
Ақ сезімнің, пәк сезімнің алдында
Серілігім, сенімді үнім тоналған.

Ақпан еді ақ ұлпасы шашылған,
Ақ қайыңның айта алмадым қасында ән,
Ақ маңдайлым, айта алмайтын сен жайлы
Асқақ ойлар шықпай қойды басымнан.

Жүрген кезде маңайымнан алыс мұң,
Достарынан қалып қойсын қалыс кім.
Достарменен Байғанинді бетке алып
Поезда едік мен өзіңмен таныстым.

Бұрын сезім суығына тоңбап ем,
Махаббаттың тәтті үніне тұнды әлем.
Қонақ емес келесіде бұл елге
Күйеу болып барғым келді сонда мен.

Сонда өзімді серік қылып бір қызға,
Әй, өзім де екенмін-ау тым қызба.
Осы бетте –ақ орамалды байлатып
Паравозды бұрғым келді Ырғызға.