Аймаханова Гүлсамал

Аймаханова Гүлсамал

            1961 жылы 21 қарашада Ақтөбе облысының Шалқар қаласында туған. Сол қаладан орта мектепті бітірген. 1985 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын Алға аудандық газетінде тілшіліктен бастаған. 1988 жылы Ақтөбе қаласында даңқты батыр Ә.Молдағұлованың мемориалдық мұражайында  ғылыми қызметкер, 1989-1999ж.ж. облыстық телерадиокомпанияда редактор болып, 1994 жылы қалалық Мәслихатына депутат болып сайланған. 2002-2004 ж.ж. «Нұр-Дәулет» газетінде редактор, 2004-2005ж.ж. Еуропалық одақтың  облыстағы «АСМЕД» Жобасында жұртшылықпен байланыс жөніндегі сарапшы болып қызмет еткен. Қазір республикалық «Педагог» компаниясының Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі.  Ақтөбе облыстық теледидарының 35 жылдығына байланысты Республикасы Мәдениет Министрлігінің Құрмет Грамотасымен (1996ж.) марапатталған.


Аймаханова Г: Өмірбаян. // Қазақстан жазушылары. Анықтамалық / Құраст. Қамшыгер С. Жұмашева Қ.-Алматы: Ан-арыс, 2009.-14б.
Аймаханова Г. Көкемарал: Өлеңдер.- Алматы: Отырар, 2000.-168 б.
Аймаханова Г. Еңлікгүл: Жырлар.- Алматы: Сардар, 2008.-128 б.
Аймаханова Г. Мерейлі мекен:Жас ақындар жинағы.-Алматы: Жалын, 1992.
Аймаханова Г: Өмірбаян мен өлеңдер // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е.-Ақтөбе, 2006.-352 б.
Аймаханова Г: Өлеңдер // Гүл-ғұмыр: Батыр Ә.Молдағұлованың 80 жылдығына арналған ақтөбелік ақындардың  өлеңдер жинағы. -Ақтөбе, 2005.-86 б.


                                                      РУХ
Тіршіліктің
құпиясын ұғар кім,
Мыңнан бірін
Біліп жүрген шығармын?
Жауындатып,
дауылдатып...
бір күні
Сыр бұлағын
Сарықпастан тынармын.
Тұнық таңның
шырынына құмармын,
Шығандатсын,
мезі қылып мұнар күн.
Жайып салып жүрегімді құрбыға,
Жаралансам, жанның жасын бұлармын.
Тірлігімде амандасып тұрармын,
Бауыр тартса,
бүйрегімді бұрармын.
Талайына
тап келтірсе тағдыры,
Пейілімді тар қолтықта сынармын.
Адамдықтың
хақ тауына шығармын,
Шыңын сүйіп аялаған нұр-ардың.
Мәңгі мұздың
жасқанбаймын кәрінен,
Жасылындай иілмейтін шынардың.
Жаңылмасам құзырында тұманның,
Күйін құшпай қидаланған құланның.
Өкінішсіз өмір кешсем, дариға.
Шапағаты шарпып Иман-тұмардың.
...Рух сырынан үмітті Гүл-Ұланмын!