Құли Жолайұлы

Құли Жолайұлы

(1888-1909)
Құли Жолайұлы: Өлеңдері  // Асыл қазына: Жинақ / Құраст. Ж.Асанов. – Ақтөбе: Полиграф-услуги, 2001.-198 б.
Сарышолақ пен Құли // Қазақ өнерінің антологиясы. 25 томдық. Айтыс. Т.ІІ. / Құраст. М.Жолдасбеков. Р.Әлмұханова. –Астана: Күлтегін, 2014.-110б.


                 Ақөрікке айтқаны
Апамның алты ай жазға бақтым қойын,
Жегенім содан бері жарты мойын.
Қойдан қой ақы аларда жаратпадым,
Апамның білгеннен соң арам ойын.
Әй, апа, сараңдықты еп көресің,
Өзіңе тәуір сөзді көп көресің.
Әй,апа, ашулансаң болсайш мырза,
Кісіні сараң деген жек көресің.
Кетеді қойың жайылып ен далаға,
Адамда кейіп айтса сөз қала ма?
Ініңді бірге жүрген сонша аш қып,
Шулаған жетпей жатыр қай балаңа?
Бұл құмның шөбі қалың, қасқыр қандай,
Бейсеует бір малыңды бастырмайды-ай.
Апама еш жазығым жоқ, ағайын,
Шөмішпен тарс еткізіп басқа ұрғандай.
Ақөрік тамақ беред құрастырып,
Келемін тамақ жайын сұрастырып.
Белгісі қарны ашқанның сол емес пе,
Жүгірем үйден-үйге құлашты ұрып.
Мен өзім өлең айтам жүріп қойда,
Болса да бөтен қымбат, өлең ойда.
Апамды қас масқара қылар едім,
Қайталап осы өлеңді айтсам тойда.