Жетіру Жібек қыз

Жетіру Жібек қыз

XIX  ғ.
Жетіру Жібек қыз: [Жібек қыз бен бала Ораз] // Асыл қазына: Жинақ / Ж.Асанов.- Ақтөбе, 2001-116 б.
Жетіру Жібек қыз: [Бала Ораз бен Жібек қыз] //Айтыс Т.2. Жауапты шығарушы -А.Әлманов.- Алматы: Жазушы,  1988.-157 б.
Бала Ораз бен Жібек қыз // Қазақ өнерінің антологиясы. 25 томдық. Айтыс. Т.1. / Құраст. М.Жолдасбеков, Р.Әлмұханова. –Астана: Күлтегін.-2014.-318 б.
Жібек қыз бен бала Ораз
Бала Ораз:
Молдалар намаз оқыр бесін көріп,
Апайдың өкпелейін несін көріп.
Жүрегім кеткен ұшып қайта түсті,
Апайдың қатарланған көшін көріп,
Ертеңгі ауға түскен ақ шортандай,
Сұлуды жатар ма еді шешіндіріп.
Өлеңші өлең айтады анасындай,
Басымнан көп асырдың борасынды-ай.
Басыңа қызыл шарқат қисайтасың,
Түйенің жел жапырған қорасындай.
Қыздарды білегінен көп сүйредік,
Орыстың жеккен атқа шанасындай.
Хат жазып сәлем айттық байұлына,
Байұлы қайта қонсын Ойылына.
Мал болып ел қондырдың дағылына,
Жаз болса қоян қайтады шағылына.
Көп айдың көрмегелі жүзі болды,
Келеміз байұлына сағынып-ай.
Қыздары байұлының қандай әсем,
Шығады мақпал тонын жамылып –ай.
Мақпалдай екі бетің үлбірейді,
Бұхардың жидесінің қабығындай.
Шашың бар түрлі өрген қолаң қара,
Үйректің жаңа жұлған мамығындай.
Етіңіз етімізге майда тисін,
Орынбор қымбат бұлы ақ ұнындай.
Даңқыңыз алты алашқа шыққан, апа,
Әлемнің күзгі түскен сағымындай.
Жолаушы атым арық келем жүдеп,
Сұлуым, дамылдатшы  бауырыңа-ай.
Пәленше пәлен деген дабылыңмен,
Сұлуым, жаңа таптым ауылыңды-ай.
Жібек:
Барсаң, бала, сәлем айт,
Адай деген жұртыңа.
Екінші, бала, сәлем айт,
Қаратаз сынды ұлтыңа.
Ақылды болсаң, жас бала,
Артымда апам қалды деп,
Бір айналғайсың сыртыңа.
Барсаң, бала, сәлем айт,
Адай деген еліңе,
Екінші, бала, сәлем айт,
Қара таздың ішінде
Төремұрат, Нарынбай,
Өтен сынды еріңе.
Ер деп оны кім айтар,
Біз кіріптарда жүргенде
Бір аттанып келмеді,
Ынта болып жүр едім,
Маңғыстауға баруға-ай.
Ынтық болып жүр едім,
Адай, Тазды көруге-ай,
Көшпелі Адай жас шіркін,
Жарамады оларда-ай
Біз секілді аруды
Малын беріп алуға-ай.
Желігіп тұрсың білемін
Жағамнан менің алуға-ай.
Ана көрінген ауыл біздікі,
Ертең сонда бір той бар,
Жарамайсың, жас бала,
Менімен бірге баруға-ай.
Алдыңда атаң тұрғанда,
Адыра қалғыр мен шіркін
Той бастап,шапан алуға-ай.
Мен халқымнан озған бедеумін,
Меніменен айтыспа.
Меніменен айтыссаң,
Төнерсің бала қалуға-ай.
Өз еліңде жүргенде,
Туғалы көзің тойды ма
Біз секілді аруға –ай?..