Ақдәулетұлы Мейірхан

Ақдәулетұлы Мейірхан

            1950 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Темірастау ауылында дүниеге келген.
            Белгілі ақын, көсемсөз шебері және аудармашы. Бірнеше жыр жинақтарының авторы, А.Вознесенский, Е.Евтушенко, А.Блок өлеңдерінің, М.Аджидің «Қыпшақ Даласының жусаны» тарихи эссесінің, К.Аширдің «Қабыл- Адам Ата перзенті» драмасының, т.б. эсселер мен ғылыми –философиялық мақалалардың, Т.Буркхардтың «Шығыс пен Батыстың киелі өнері», Э.Фроммның «Психоанализ және дзен-буддизм», Ф.Шьюонның «Исламды ұғыну» еңбектерінің аудармашысы.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы 2002 жылғы терең шығармашылық ізденісі, көкейкесті шығармалары үшін Қазақстан Республикасы Президентінің публицистерге арналған грантының, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.
            «Ақ желкен», «Арай» журналдарында, «Қазақ әдебиеті» газетінде ұзақ жылдар қызмет істеген. «Алтын Орда» республикалық орталығының бас редакторы болды. Қазір облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерін біріктірген «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-нің директоры. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Ақдәулетұлы М. Өмірбаян // Қазақстан жазушылары. Анықтамалық./ Құраст. Қамшыгер С. Жұмашева Қ.- Алматы: Ан-Арыс, 2009.-19 б.
 Ақдәулетұлы М. Бастау: Жыр жинағы;
Ақдәулетұлы М. Жетіген: Жыр жинағы;
Ақдәулетұлы М. Шырақ ғұмыр: Жыр жинағы.-Алматы: Жалын, 1987.-56 б.
Ақдәулетұлы М. Жалғыз досым-жүрегім : Жыр жинағы. - Алматы: Жалын, 1990.-128 б.
Ақдәулетұлы М. Дәруішнама: Жыр жинағы.- Алматы: Ғылым,1996.-200 б.
Ақдәулетұлы М. Бейуақтағы мінәжат: Жыр жинағы.- Алматы: Жазушы, 2006.-216 б.
Ақдәулетұлы М. Жел өтіндегі тағдыр: Эссе, мақалалар,сұхбаттар.- Ақтөбе -2007.-444 б.
Ақдәулетұлы М. Өмірбаян мен өлеңдері // Екімыңжылдық дала жыры: Жыр жинағы / Бас редактор Ә.Нысанбаев.-Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы,2000.-658 б.
Ақдәулетұлы М: Өмірбаян және өлеңдері // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы./Ред.алқасының төрағасы Сағынықов Е.-Ақтөбе, 2006.-234 б.
Ақдәулетұлы М. Өлеңдері // Гүл-ғұмыр: Батыр Ә.Молдағұлованың 80 жылдығына арналған ақтөбелік ақындардың  өлеңдер жинағы. -Ақтөбе, 2005.-9 б.

                                                          Бейуақтағы мінәжат
Ілінерде күннің қызыл кірпігі
дертім менің меңдеді-
Өмір өзі-ақ өлтіреді бір күні,
өлтіріспе Сен мені!
Мұса,
Ғайса,
Мұхаммедтің көп ішкен,
тауыспаған кермегін
жұтам үнсіз.
Үмітім жоқ Жеңістен.
...көзімнен сүй Сен менің!
Ернім емес,
ет-жүрегім кезеріп
жоқ сусынға шөлдеппін.
Ажал-құрдас ақ мылтығын кезеніп
«Кеттік!..» десе –мен кеттім!..
-Бізге неге баянсызды аңсаттың,
е-ей, есі бар Құдіре-ет?..
...Босқа налып, болмашыға шаршаппын-
көзімнен сүй бір рет!
Түнге сіңіп жоғаламын Мен ертең-
аямайды Сені Көк...
Өзім түгіл, өлердей мас көлеңкем
«Өмір!»деп тұр еңіреп!
Аллаһу да аяп басар кеуденің
үнсіз айтқан зары бұл-
Өмір өзі-ақ өлтіреді.
Сен мені
өлтіріспе, Жарығым!

Көзімнен сүй Сені көріп жұбанған...


                        Гүл –жусан
Гүлді аяймын – өмірі өзін алдап, текке өткен.
...Шыншыл өскін көрмедім, Жусан, Шеңгел, Көкпектен!
Үзік-үзік
Күлкің мен көлгірсуің, тепкіңнің
бәрін... Өмір,
Мәжнүнге лайық бақыт деп білдім.

Айыптымын алдында,
арнамадым гүлге өлең –
гүлдің солып,
бояудың оңатынын білген ем.

Мен жусанға інімін.
Шеңгел болып кектенем.
Көкпек жаққан көне үйдің
көжесімен көктегем.

...Орманы кем,
дүрдараз тобылғысы, жыңғылы,
сартаңы мол,
суы ащы кең Даланың Мұңды ұлы
тарта туса тегіне – түкірмейді жалғанға,
жанға қонса жалғыз шаң, айналады арланға!

Ділі –жусан,
қиялы – қыпшақы ердің Тарланы,
Жылқы мүсін болмысы,
сордан кермек арманы.

Мұңы –Қобыз,
төзімі болдыртардай түйені,
Домбырасы –дұғасы,
Сөзі –серті киелі.
Қыран түгіл,
қарғасы қара ойды ұғар қиядан
Осы Дала –Отаным.
Ұқсамауға ұялам.

Бақыт, байлық, ас пен той,
шексіз шаттық, мұң-нала.
Дана, даукес, батыр, ез... –
Бәрін көрген бұл Дала,
танып кетпей
тірліктің бағзы  әуені –Күйбеңнен,
Өзгені де,
өзін де алдамауға үйренген.

Жусанымын мен соның.
«Гүл ғұмыры баянсыз!» -
Күліп тұрып айтатын ақ сырым да –аяусыз.
Осы –менмін, ей, Өмір,
сертім –жалқы, мінім –мың.
Аяп айтам атын да,
есебі жоқ гүліңнің!