Төреханова Гүлжаһан

Төреханова Гүлжаһан


            1982 жылы Ойыл ауданы, Қайыңды ауылында туған. 2003 жылы Қ.Жұбанов атыдағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің филология факультетін,  2005 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қазір С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің оқытушысы.
            2006 жылы «Өмірін өлеңмен өрнектеген арулар» атты облыстық жыр мүшайрасының  жеңімпазы. «Каспий –достық теңізі», «Шабыт» халықаралық фестивальдарына қатысып, арнайы дипломмен марапатталған.

            Төреханова Г: Өмірбаян мен өлеңдер // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы /Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е.-Ақтөбе, 2006.-380 б.  
Төреханова Г: Өмірбаян мен өлеңдері // Шұғыла: Жас ақындар жинағы. -Ақтөбе,   2012.-14 б.
Төреханова Г: Өлеңдер. Білезік.- 2011.-№1.-32б.


  Қызғалдақпен сырласу
Көктемнің күлкісі –қызғалдақ,
Шық тұнған жанарда шыншылдық.
Баянсыз бақыттай бізді алдап
Кететін уақыт –бұл
(күрсіндік...)
Жәудірер жанарда бір шындық...
Жаныңды жуа ма жасын жыр?..
Мөлт еткен минутқа ұмсындық,
Әйтеуір аптыққан ғасыр бұл.
Күн –ару күйбеңге кірісті,
Селт еткен сезімнің бәрі ұмыт.
Атқарып тәңірлік ұлы  істі,
Жүр әне, ең адал жар –Үміт.
Не дейді бұл нәркес көздерің,
Сағыныш сазы ма жыл құсы?..
Әлде сен әнісің өзгенің,
Көктемнің күнәсіз күлкісі?..
Үзіліп үмітің солмасын,
Ғашығы келесі көктемнің!
Бұл уақыт баянсыз болғасын,
Оралмас, қайтеміз, өткен күн?!.


                                                    *       *       *
Бір әуен еседі кеп, бірде тынып,
Ақ толқын еркелейді желге ұмтылып...
Өзіне ынтық бұлттың құшағында
Күн ару қымсынады кербез күліп...

Маңайын жұмсақ нұрмен әдіптеді,
Сұлудың саусағына еріп тегі,
Дүние шырын күйге балқиды кеп...
Жел тентек сап тиылды, желікпеді.

Толғатып, толықсиды тұмса тірлік,
Жанарға сыяр қайтіп мұнша қылық?!
Шағала –көңіл көкте қалықтайды,
Таңдайда талықситын мұң шақырып...

Күбірлеп көк айдында мөлдір өлең,
Жанымды жалын баурап, елжірегем.
Көкжиек. Қол бұлғаған қос ғашықтың
Сезімі су бетінде мөлдіреген...