Нұрмағамбетов Өтеген

Нұрмағамбетов Өтеген                                                       
1963 жылы Ақтөбе облысы, Мәртөк  ауданында туған. Ақтөбе мектеп-интернатында оқыған. 1984 жылы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды Жоғарғы мектебін бітірген. Өлеңдері әр кездерде облыстық, республикалық  басылымдарда жарық көрген.

Нұрмағамбетов Ө.  Өлең елі –тұрағым: Өлеңдер. // Алматы: ҚазАқпарат.-2012.-84б.
Нұрмағамбетов Ө.  Үміт: Өлеңдер. // Алматы: ҚазАқпарат.-2013.-90б.
Нұрмағамбетов Ө.  Сағындым сені: Өлеңдер. // Алматы: ҚазАқпарат.-2017.-288б.
Нұрмағамбетов Ө.  Патша көңіл: Өлеңдер. // Алматы: ҚазАқпарат.-2017.-190б.

                                         Өлеңім өлмесін
Білемін, білем, жаным, оңай емес,
Дәрменім жоқ айтуға олай емес.
Мен де кейде мінезге салып кетіп,
Шешілер деп ойлағам талай егес.

Өнбейтін дауды қуған өспейтіндей,
Жақсы –жаман санадан өшпейтіндей.
Бір күн қарын тойғанға мәз болыппыз,
Жастық шақ басымыздан көшпейтіндей.

Бір күні керегіңе жарасам деп,
Жыртығын шапаныңның жамасам деп.
Көштен қалып қоюдан қорқамын да,
Етегіне өмірдің жармасам кеп.

Санап көрсем көп екен алғанымды,
Аяп кетем мезгілсіз солған гүлді.
Адам жанын кеудеге қонақ еткен,
Жаратқан өлтірмесін арманымды.

Өлтірмесін арманым өлеңімді,
Артта қалсын кебінге бөлеріңде.
Қап түбінде қалдырған алтын кездік,
Тауып алып жаратар керегіне.

Атар-ақ алдымыздан таң күліп мың,
Естілер бірге өлмесе жаңғырып үн.
Тасқа басып жазылған өлеңдерім,
Тыңдап жатам төрінде мәңгіліктің.