Байниязов Нұрлыбек

Байниязов Нұрлыбек


1989 жылы 4 –желтоқсанда Әйтеке би ауданы, Аққұм ауылында өмірге келген. 2011 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті тарих –филология факультетін тәмамдады.
Байниязов Н: Өмірбаян мен өлеңдер // Шұғыла: Жас ақындар жинағы.- Ақтөбе, 2012.-51б.




                              Бақидағы үн
Жас шықты менен,
Көзімнен тамды мөлдір жас,
Соңғы рет, соңғы кірпіктен ұшты домалап.
О, өмір, енді жасыммен кермек шөлді бас,
О, өмір, қош бол, көрмейтін күндер обал-ақ!
Бауырмал өмір, жіберме мені, ұстап қал,
Жіберме мені, жалынам саған, жіберме!
Әттең-ай, әттең, көңілде бүрлеп шыққан тал,
Менің әлсіз жүрегімнен екендігін білер ме?
Күтер ме соны әлдилеп, суарып анам жүрер ме?
Жас шықты менен,
Көзімнен ақты кәусар бұлағым шылаған,
Үзіліп барам.
Құранның үнін құраған,
Періштелер мен шыбын жан ұшып жүр аман.
Тұңғиық көзім қалып барады өмірде,
Дария болып жылаған.
Көзім қалып барады, ағатай,
Дәрігердің табағына құлаған!
Көзім-ай!!!

Көк

Қараймын...
Көк аспан астында,
Шарбы бұлт жүзер жабысып.
Аппақ мамығы расында,
Желмен ойнайды жарысып.

Мөп-мөлдір тұнық аспанда,
Қыран құс ұшар қалықтап.
Күн көзімен сиқырласқан-ау,
Орнаған ақ мамық бақ.

Нұр шашқан күннің дидары,
Сығалап мамық бағынан.
Ойыма қиял сыйлады,
Қандай бақ мамық жамылған?

Көк аспан күннің жүзі де,
Жадырап мәз боп күлгендей.
Көшпелі бақтың өзі де,
Самалмен еріп келгендей.

Қол ұстасып күледі,
Күн мен бұлт, көк, айдын көл...
...Мен жайлы кім біледі,
Қозы көш жерде қайғым жүр.