Шүрен Тоқсұлу

Шүрен Тоқсұлу


ХІХ  ғасырдың соңғы ширегінде, ХХ ғасырдың басында өмір кешкен. Қазіргі Темір ауданында дүниеге келген. 1909 жылы бақилық болған. Алты аталы Әлім ішінде  Шектінің Шүренінен тарайды. Оның Сарышолақпен айтысы қыз бен жігіт айтысының биік шыңдарының бірі екеніне еш күмән жоқ.
Шүрен Тоқсұлу. Өмірі мен шығармасы // Адырна: Ежелгі жыраулар / Құраст.  Асанов Ж. – Ақтөбе: «Шамшырақ-Ақтөбе»ЖШС, 2011.-281 б.
Сарышолақ пен Тоқсұлу // Қазақ өнерінің антологиясы. 25 томдық. Айтыс. Т.ІІ. / Құраст. Жолдасбеков М. Әлмұханова Р. –Астана: Күлтегін, 2014.-89б.

Тоқсұлу мен Сарышолақ шайырдың
                                                      айтысынан   үзінді
         Мырзағұл Шыманұлы бастаған жолаушылар тобы Орынбордан елге қайтып келе жатса, шуылдасып суға түсіп жатқан қыз-келіншектер бұларды аңғармай, тек қасына жақындағанда ғана байқап, қоғажай қамыс арасына жасырынады. Бір қыз арғы жағаға жүзіп өтеді де асықпай киініп, құрбыларының киімін алып барып береді. Сол сәтте қарсы беттен Сарышолақ қыздарға дауыстап:
Қара судан көрінген нұр бейнесі,
Жел қақпаған ақ күміс пәк денесі,
Әдептілік қайда еді, оу, сұлулар,
Көрініп қалды, әттең, «күн тимесі»,-дейді. Сол сәтте арғы беттен бір қыз:
Аузыңнан суың шұбар жегендей, алуа шекер,
Көп қарама тесіліп, көзің өтер.
Күн ыссы, суға түсіп жатыр едік,
Көрмегендей етсеңіздер неңіз кетер?
Қарауға құмарлансаң жалаңашқа,
Көңіліңде не бар еді одан басқа.
Сен ұялмай орныңа мен қысылдым,
         Қарап тұр сол жағада аузыңды аш та!- деп айтыпты. Жолаушылар өткелменен айналып келсе, әлгі қыз-келіншектер қырман басында тары суарып жатыр екен. Бағанағы өлең айтқан өткір қыздың кім екенін білгісі келіп жолаушылар ат басын бұрады. Сөйтсе әлгі қыз қараторының сұлуы, шашы тобығын қаққан, көлім көз, ерекше тартымды жымиысы бар Шүрен елінің Тоқсұлу атты ақын қызы екен.
Сарышолақ:
Қара қыздың көңілі арыда,
Сары қыз құмар тарыға.
Ұяла күліп тұр бәрі,
Шіркіндердің бары да.
Тоқсұлу:
Арбалған жыландайын қалмадыңдар,
Жолаушым, бізде қандай салмағың бар?
Көрдім деп қыз денесін су ішінде,
Көп болса  әзіліңнің салмағы бар.
Қасқырдай қойға келе араласқан,
Жол білмей ел қыдырған қара басқан.
Тәтті түс көргендей-ақ тамсанасың,
Ақыл сұрай жүрсің бе жалаңаштан.
Сарышолақ:
Жігіттің  әркез қыздан алмағы бар,
Сіз ақшабақ, аулаушының қармағы бар.
Қырғи ем аққу алған шындағанда,
Ал, құрбым, сайлан-дағы, қорғанып ал.
Тоқсұлу:
Кемерге тағып жүрген қының бар ма
Әйелсіз бұл жалғанда күнің бар ма?
Қарғы түсер аққу үшін тамағыңа,
Ал сенің  қызды көрсең жының бар ма?