Байсеңгір Орал-Қосай

Байсеңгір Орал-Қосай
1973 жылы 7 сәуірде Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы Дияр елді мекенінде дүниеге келген. 1980-1988 жылдары Дияр ауылындағы Матайқұм орта мектебінде, 1988-1990 жылдары Атырау облысы, Жылой ауданы, Құлсары қаласындағы  №1 В.И.Ленин атындағы мектепте оқыды. 1990-1991 ж.ж. Ақтөбе республикалық мәдени ағарту училищесінің режиссерлік бөлімінде, 1993-1995 ж.ж. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институт жанынан ашылған театр студиясында білім алды. Алғашқы қызметін 1994 жылы Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында актерліктен бастады. Театрда актер бола жүріп, драматургия саласында қалам тербеп, «Батыр қоян», «Жақсылық пен Жамандық», атты балаларға арналған ертегі-пьесалар жазды және драматург С.Мақұлбековтың «Қаңбақ шал» ертегісінің кейіпкерлеріне өлеңмен образ жасады. О.Байсеңгір көптеген шығармалардың авторы. «Арайлы Ақтөбе», «Темірім әнім», «Мұғалжар вальсі», «Байғанин маршы», «Бәкір аға» секілді 50-ге тарта әнге өлең, музыка жазған. «Қазағым» атты ән-маршы республикалық ән байқауында Гран-при жүлдесін алды.

Байсеңгір О.Мың алғыс: Өлеңдер, пьесалар, әндер // Алматы: «Нұрақынов» ЖК, 2015.-342б.

Арайлы Ақтөбеден – Ақ ерке Ақжайыққа

Армысың асау Жайық, ару Жайық,
 Бір көру арман еді дидар-ғайып.
Самалың жұпар екен, суың кәусар,
Нәр алдым сұлулықтан жаным байып!

«Тірлікті бірлікте» деп ұққан елім,
Достықтың туын ұста, мықтап, елім.
Сұңғыла Сырым баба, Мәншүк батыр,
Ақұштап, Жұбан, Қадыр шыққан елім!

Шабайын арғымақтай алмай тыным,
Сал Мұхит, Ғарекеңдей самғайды үнім.
Арайлы Ақтөбенің жыр шашуын
Қабыл ал, сәлемімді Ақжайығым!

Ақжайық, нұр ойнайды іреңіңде,
Келгенде шын бақытты бұл өңірге.
Көрген жан саған біткен сұлулықты,
Сақтайды мәңгілікке жүрегінде!

Жанарыңмен жанарым түйіскенде...

Жолықпаған армандай ес білгеннен
Бір көргеннен жоғалттым есті мүлдем.
Жіпсіз байлап бойымды баурап алдың,
Мұндай жанар көрмедім ешкімнен мен.

Құйып алған әлемнің бар асылын,
Тұңғиыққа тартады қарашығың.
Жанарыңмен жанарым түйіскенде,
Жас жүрегім, жай таппай аласұрдың.

Жалт қараған жанарың жай отындай,
Қиғаш қасың қарлығаш қанатындай.
Ерік бермей сезімге кете берсем,
Мөлдір моншақ көзіңнен таматындай.

Жаратқанның мен сені сыйы деппін,
Жалғыз сені келеді сүйіп өткім.
Жолығармыз дедің де қол бұлғадың,
Жанарымда қалды сол суретің...