Балқия Барқынбайқызы

Балқия Барқынбайқызы

 (XIX  ғ.)
Барқынбайқызы Б: Балқия мен Сәрсенбай // Айтыс.Т.2. Жауапты шығарушы - А. Әлманов.- Алматы: Жазушы, 1988.-352б. 
Барқынбайқызы Б: Шығармалары // Асыл қазына: Жинақ / Құраст. Ж.Асанов. - Ақтөбе, 2001.-175 б. 
Балқия мен Сәрсенбай
         Сәрсенбай Балқияның көшіне көш басшыларымен бірге жорға мініп келе жатқанда  кездеседі. Екеуінің де қасында төрт-бестен жолдастары болады.
         Сәрсенбай  Балқияға әзілдеп: «Еру елдің ерулігі болса, көшу елдің көмегі болады» деген. Кәне, қарындасым, көш жөнекей кездестің, не көмегің бар? Біз де жолаушылап келеміз,-дейді.
         Сонда Балқия: «Сіздерге түс деуге ауыл еру емес. Керек деп кеуіл еткен нәрсеңіз болса аларсыз» -десе, Сәрсенбай қыздың көкірегіне қол жүгіртеді. Сол жерде айтыс басталады.
Балқия:
Ау, жігіт, сау ма денің, бар ма жының,
Осы ма бойымдағы тапқан мінің.
Кісіге ықтиярсыз қол қатасың,
Сұрасаң жол азық деп жоқ па тілің?
Алшынның бір сен емес дәстүрі осы,
Алшынға түсіп қалған артық білім.
Ашықтық ер жігітке пайда бермес,
Құрысын қолың жайып көрген күнің.
Білімің осы болса не қылайық,
Білдірші кім болады аты-жөнің?
Сәрсенбай:
Руым дөйіт ұранды төрт шөмекей,
Құдайым қауыштырды көш-жөнекей.
Сұрасаң өзім атым Молда Сәрсен,
Айталық білдірт десең жөн мінекей.
Ағасы екеуінің Тоқа Көнек,
Сен қайда өсіп едің оны білмей?
Кішісі төртеуінің Аспан, Бозғұл,
Әммаға аты мәшһүр ай мен күндей.
Кенжесі анам Шобдар, атам-Бекет,
Береді адал қайыр малдан зекет.
Бір қылған базынамды көтере алмай,
Қайырып келуіме салдың сөкет.
Кісідей жалғыз басты жалтақтамай,
Өзің де аты-жөнің білдірте кет.
Балқия:
Бұл күнде пенде басын баға алмайды,
Орынды айтар сөзін таба алмайды.
Арасы жаман-жақсы жер мен көктей,
Жақсыға бір сөз айтсаң шам алмайды.
Белгісі бейасылдың айтып ғайбат,
Кемітіп ер сыртынан жамандайды.
Жасынан жиһан кезіп жоқтық көрген,
Жігіттің күні жарып ағармайды.
Сұм ауқат елден ауып шегіп жүрміз,
Әйтеуір пенде өлгенше амалдайды.
Жат жұрттық қыздың күйі ұлдан артық,
Еңбегін ата-ананың адалдайды.
Өз атым –қыз Балқия, әкем –Жарқын,
Руым шұбар атты Жағалбайлы.
Сәрсенбай:
Балқия, қыз екенсің салуалы,
Жігіттің топқа кірер палуаны.
Қасыңда дәтім шыдап тұра алмадым,
Көргенсін қойныңдағы алуаны.
Шырағым, жүзің жарқын күлімдейді,
Адамзат бойымда жоқ мінім дейді.
Қызарып қыз болғанға қол салып ем,
Шамданып бар ма сонша жының дейді.
Бұрылып бұлтиғанға қызықсам да,
Еш нәрсе қатты-құтты ілінбейді.
Албыртқан кеуілімді тоқайратпа,
Өлгендей қалған кеуіл тірілмейді.
Балқия:
Сәрсеке, айттың мұның несін сөз деп,
Ойлаушы ем жақсыда жоқ жат мінез деп.
Дегендей қырықтың бірі қыдыр шығар,
Қайыптан көш-жөнекей  келген кез деп.
Көбелек қыз алам деп отқа түскен,
Етем деп сабырсыздық өте тездеп,
Жігіті болсаң дағы жақсы ауылдың,
Сыртыңнан есітемін жиһанкез деп.
Жалақор жақсылары сіздің елдің
Айтса да сиысқандай неге мегзеп.
Жауласып бір-бірімен басы піспей,
Есітем Мәмет үшін алакөз деп.
Сәрсенбай:
Балқия, қалай болар аңласаң жай,
Алшынға жағалбайлы келмейді сай.
Белгілі бес қалаға көпестігі,
Алшында әлде бұрын бұл күнгі жай.
Қағазы қара қасқа он екі пұт,
     Ішкені алпыс сомдық ақ құйрық шай.
Ұйтқысы арылмаған байларым бар,
Келе жатқан жеті атадан бермен қарай.
Екі  ауыл бір алқапқа қонса қатар,
Кетеді араласып малы симай.
Жарасқан ағайынға мал –жайы үшін,
Зілі жоқ жатақ білмес жер қадірін,
Кепеде отыратын адал жимай.