Мүсірова Арай

Мүсірова Арай

1991 жылы 3-сәуірде Атырау қаласында туған. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық  институты филология факультетінің студенті. «Мемлекеттік тіл-ұлт тірегі» облыстық жыр мүшайрасының 3-орын, «Ақтөбе жыр құшағында» облыстық  мүшайрасының 2-орын иегері. «Ана тілі» газетінде, «Темірқанат» жинағында жарияланған.
Мүсірова А: Өмірбаян мен өлеңдер // Шұғыла: Жас ақындар жинағы.-Ақтөбе, 2012.-63 б.

                                      *         *         *
Мен кеше ойландым...
Зерделеп санамның барлығын,
Ақтарып жүректің сандығын.
Мен сізді ұнатқам, қызғанғам,
Болса да жұмбақтау тағдырың.
Сағынып мен сізді,
Сағыныш шәрбатын татқанмын,
Түндерде көз ілмей жатқанмын.
Көргенде күлімдеп алдыңнан,
Сағынсам мұңға да батқанмын.
Арналып жүрекпен,
Жазылды жырларым жүздеген.
Үкілеп үмітті үзбегем.
Көңілім тек сізге алаң боп,
Көктемнің кешінде іздегем.
Сезімім алдады,
Бірақ та келмеді өкінгім,
Сезімге алданып өкіндім.
Ойыма алмаймын деп сізді,
Сөз беріп бүгін де бекіндім.
Күн сайын сөз берем өзіме,
Жас тола мұң шалған көзіме.
Сөзімді ұмытып кетем мен,
Қалғанда сізбенен кезіге.
Бұл неткен сезім ед?
Ғашықтық?
Ұнату? Білмедім...
Жанымнан кетпеді-ау мұң менің.
Сірә да, мұңымнан жалықты,
Ұйқысыз беймаза түндерім.
Өзгені көрмей мен,
Енгенмін кейпіне соқырдың.
Жанымды аймалап отыр мұң.
Санамнан өшірем деп сізді,
Тағы да серт беріп отырмын.