Баспан Құлынбайұлы

Баспан Құлынбайұлы
(1843 -1915)
         1843 жылы Ырғыз уезінде дүниеге келген. Руы –Шөмекей. Баспан -Ақтөбе өңірі ғана емес, Сыр бойына да танылған жыр жүйрігі. «Өлеңіне үстем тап өкілдерін қосты» деген желеумен Кеңес үкіметі тұсында мұралары жинаусыз қалған. 1915 жылы дүниеден озған. Төмендегі өлеңінде болыстыққа таласқан Алмат байдың балаларына басу айтқан. Мұндағы Самырат, Төремұрат, Мақан – Алмат Тобабергенұлының балалары.

Құлынбайұлы Б: Шығармалары // Асыл қазына: Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов. - Ақтөбе: Полиграф –услуги, 2001.- 201 б.
Құлынбайұлы Б: Өмірі мен шығармалары // Адырна: Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов. -Ақтөбе: Шамшырақ-Ақтөбе, 2011.- 93 б.

                                                 Самыратқа айтқаны
                                                            (үзінді)
...Мен сөйлесем, Қажы аға:
Бес жасыңа келгенде
Бесіктен шығып ойнадың,
Ақ теректей бойладың,
Тәтті бір сөзге тоймадың.
Он-он бес жасқа келгенде
Бөрік ал десе шаш алдың,
Ерегіскен ерлермен,
Жан шыққанша қасардың.
Жиырма бес жасқа келгенде,
Жігіті болдың қатардың,
Ақ сақалдан бата алдың,
Тізгінін алып атаңның
Алматтың ұлы атандың,
Ақ патшадан хат алдың,
Бұл болғаның емес пе?
Отыз бес жасқа келгенде
Халықтан асты қарышың,
Жүзден озды шабысың,
Алысқа кетті дабысың,
Белгілікпен қыдырдың,
Петербор, Мәскеу шәрісін,
Бұл болғаның емес пе?
Қырық бес жасқа келгенде
Халықты аузыңа қараттың
Ханындай болып Қоқанның,
Айдауыңа халық көнді
Қойындай болып шопанның,
Бұл болғаның емес пе?
Елу бес жасқа келгенде,
Әкімдікті қалдырдың,
Халқыңа тілді алдырдың.
Бес парызды тәмамдап,
Ортаға мешіт салдырдың,
Топырақтай шашып ақшаны
Суындай төгіп жаңбырдың
Бұл болғаның емес пе?
Елу бес жастан асқан соң
Алпыс жасқа тақадың,
Тасты кескен алмасың
Күтуі болмай тот алдың.
Халқың емін таппады,
Көкіректегі қапаңның.
Шынымен туған ер болсаң
Тентектігін елеме
Төремұрат інің –Мақанның.
Мен сөйлесем, Қажы аға,
Белгілікпенен өтіп тұр
Жалғаншыда бес күнің.
Қайыруға келмейді,
Көкіректегі көп білім.
Әркімдермен ұстастың
Қажы аға, сенен кем бе еді,
Мырзағұлы Шектінің?
Болатты шаппа болатқа
Қатты кескен өткірім...