Қабылбайұлы Смат

 Қабылбайұлы Смат  

 (1934-1980)
Қарабұтақ ауданында дүниеге келді. Қызылорда педагогика институтының филология факультетін 1955 жылы бітірді. Қарабұтақ ауданында орта мектептің мұғалімі, мектеп-интернат директоры, облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі  «Ақтөбе») газетінде бөлім меңгерушісі болды. Өлеңдері алты топтама жинаққа енді «Жалын» баспасынан «Найзағай», балаларға арналған «Солақай» жыр жинақтары  жарық көрді.
                                                          
Қабылбайұлы С. Найзағай: Жыр жинағы.-Алматы, Жалын;
Қабылбайұлы С. Солақай: Жыр жинағы.-Алматы, Жалын;
Қабылбайұлы С: Өмірбаян мен өлеңдері // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе, 2006-378 б. 

                   Таң шолпаны
                                                  Шоқан Уәлихановқа
Зұлымдық өртесе де өзегіңді,
Асқақ ой келер күнді сезе білді.
Заманның тірелсең де тұйығына,
Жаныңдай сүйіп өстің өз еліңді.

Арылмай жатқан кезде дала түннен,
Сол түнге  алғаш сәуле таратып ең.
Тандырдай кеуіп қалған надандыққа,
Су септің қарлығаштай қанатыңмен.

Ғылымға құлаш ұрдың жалықпадың,
Бақыттың күттің одан жарық таңын.
Қазақтың мүлгіп жатқан даласына,
Білімді өз қолыңмен алып бардың.

Сен оны өз халқыңа еге бердің,
Табылды сол білімнен не керегің.
Бастайтын болашаққа осы жолда,
Қиындық кездессе де елемедің.

Сен бірақ жарқ еттің де, сөне қалдың,
(Өмірден орнын тапса, жоғалар кім).
Атағың бізбен бірге алға кетіп,
Жүрегің өз халқыңмен соғады әр күн.

                       Қуаныш

Осынау тұлғасындай ұлы елімнің,
Қуаныш –жолдасы ғой жүрегімнің.
Жерімді мол нұрына бөлеп алып,
Көгімде қуаныш деп күледі күн.

Мен онан бір сәтке де құр қалдым ба?
Жыр құйып көңіліме жүрді алдымда.
Қуаныш қызғалдақты көктемімен,
Кілем боп жайылады қырларыма.

Қуаныш –жауған қар да жапалақтап,
Қуаныш –таң болып та атады аппақ.
Қуаныш –ауылымды жүр аралап,
Қонақ боп әр есікке жатады аттап.

Қуаныш –достарым ғой еңбектегі
Қуаныш –жыр көктемі, ел көктемі.
Қуаныш – туған жердің самалы боп,
Келеді бесігінде тербеп мені.