Қайболдин Ершат

Қайболдин Ершат

            1993 жылы 9-мамырда Темір ауданы Шұбарқұдық кенті Қайыңды ауылында туған. «Абай оқулары» байқауынан І-орын алып, алғыс хатпен марапатталған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің  студенті. Соңғы кездері айтыс сахнасынан жиі көрініп жүр.
Қайболдин Е: Өмірбаян мен өлеңдер // Шұғыла: Жас ақындар жинағы. -Ақтөбе, 2012.-84 б.

       Мен қыз іздеймін

Мен қыз іздеймін...
Үзіліп-ақ тұратын сызылып-ақ,
Иманды болу керек жүзі бірақ.
Бойынан ойы биік қыз іздеймін,
Тілі қысқа, етегі ұзынырақ.

Мен қыз іздеймін...
Көп көзіне түсуге ұялатын,
Мені ғана жүрекпен сүйе алатын.
Әке-шешем мақтанып қонағына,
«Мынау менің келінім» дей алатын.

Мен қыз іздеймін...
Әңгіменің айтатын шын-айқынын,
Жындылау мінезіме шыдайтұғын.
Мені біреу жамандап отырғанын
Естіп қалса еңкілдеп жылайтұғын.

Мен қыз іздеймін...
Біреудің байлығына қарамайтын,
Мендегі бар нәрсені бағалайтын.
«Ерім ғой» деп алдымда бас иетін,
Өзін менен ақылды санамайтын.

Мен қыз іздеймін...
Жүректе Алла, аузында тәубасы бар,
Араласа бермейтін дауға шұбар.
Жоқ нәрсені іздеу де қиын екен,
Бірақ, бар да шығар...