Ниянқұлов Сағындық

Ниянқұлов Сағындық

1955 жылы Темір ауданы Алтықарасу селосында  дүниеге келді. 1973 жылы орта мектепті, 1982 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін аяқтады. 1982-1999 жылдар аралығында облыстық «Ақтөбе» газетінде  мамандығы бойынша еңбек етті. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ниянқұлов С. Жауқазын жырым –жастығым: Өлеңдер.
Ниянқұлов С. Бір қуанту –арманым: Өлеңдер.
Ниянқұлов С. Ауылға хат: Өлеңдер. - Ақтөбе, «NOBEL»-2010.-180б.
Ниянқұлов С: Өмірбаян мен өлеңдері // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е. - Ақтөбе, 2006.-327 б.
Ниянқұлов С. Өмірбаян мен өлеңдері // Гүл-ғұмыр: Батыр Ә.Молдағұлованың 80 жылдығына арналған ақтөбелік ақындардың  өлеңдер жинағы. -Ақтөбе, 2005.-63 б.


                                                Туған жер
Сағыныш билегенде санамды шын,
Самғайды көңіл атты саған құсым.
Бір ұлың келді, міне, құшақ жайып,
Темірім –туған өлкем аманбысың?
Мен мұнда жыл құсындай ораламын,
Келеді сай-салаңды аралағым.
Бар мұнда ізеті мол інілерім,
Бар мұнда жаны жайсаң ағаларым.
Тартады өзен –көлі, қырат-белі,
Аймалап көкірегімді шуақ желі.
Отыз жыл бопты-ау қоныс аударғалы,
Бәрі де күні кеше сияқты еді.
Ей, жігіт, деме қалай босағаның,
Уақыттың көріп жүрміз жасағанын.
Ата-анаңыз жақсы еді-ау десе біреу,
Еріксіз жанарыма жас аламын.
Қиындықпен бетпе –бет кез келгендер,
Сабыр сақтап, мінезден өзгермеңдер.
Өзіміздің бала деп құрақ ұшқан,
Сендер аман жүріңдер, көз көргендер!
Бір-бірін қолдап, демеп, ұлықтаса,
Жайдақ мініп, асауды құрықтаса.
Соны замат дер едім қыран сынды,
Елі-жұртын, дәстүрін ұмытпаса.
Байлығым жоқ басыма үйіп берген,
Қазынам сол-жырларым жыйып, терген.
Туған жер шартарапқа даңқың асып,
Ерлерін көрсем деймін биіктерден.