Былшық би (Құтаяқ Сейітұлы)

Былшық би  (Құтаяқ Сейітұлы)

(1860-1933)
         Құтаяқ 1860 жылы қазіргі Әйтеке би ауданында дүниеге келген. Әділ төрелігімен ел құрметіне бөленген. Руы - Әлім ішінде Төртқара. Қара қылды қақ жарған билігі үшін әйгілі Сарышолақ ақын оған арнап мадақ жырын шығарған. Би 1933 жылы Кеңес өкіметі түрмесінде көз жұмған. Құтаяқтың түрмеден елге жолдаған соңғы хаты өлеңмен жазылған.

Былшық би (Құтаяқ Сейітұлы): Шығармалары // Асыл қазына: Жинақ / Құраст. Ж.Асанов. - Ақтөбе:  2001.-206 б.
Құтаяқ (Былшық би) Сейітұлы: Өмірі мен шығармалары //Адырна: Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов.- Ақтөбе: «Шамшырақ-Ақтөбе», 2011.- 165 б.



Былшық бидің түрмеден жазған хаты
                           (үзінді) 
...Сәлем де Жағалбайлы баласына,
Жетіру, Табын, Тілеу, Тамасына.
Қоныстас һәм қадірлес халық едің.
Алғандай қысылған күн панасына.
Ел едің іргең берік, күл төктірген,
Жайықтың түрлі-түрлі саласына.                                 
Ісіңе өзім сот боп барушы едім,
Жік туса екі жұрттың арасына.
Құрметтеп, хан көтеріп қайтарушы ең
Шиеленген мықты түйін таласында.
Айт, Бұжыр, Жетіру мен Төресінің,
Сәлем де бас көтерер данасына.
Біз тұрмыз Ақтөбенің қамауында,
Бар болып қарсылықтың санауында.
Жел беріп, жігіттерді желіктірген
Жерім жоқ мал-мүліктің талауында.
Қор болды кеңшілікте жүрген басым,
Ырғыздың түрлі –түрлі тарауында.
Белгілі түрікпеннің бедеуіндей,
Жерім жоқ бәйгі берген жарауымда.
Өмірге арманменен өкінбес ем,
Сүйегім шықса егер тап ауылда.
Айдарлы Айдарбай қарт көшті өкініп,
Арман мен саясаттың қарауында.
Адайға сегіз арыс аға болған,
Айдекем Адай елін теңгерген ер.
Тағы да тау мен белді, тасты басқан,
Кім мықты шықса, соған теңгерген ер.
Жібермей ел намысын, арын жұртқа,
Жау десе жалау байлап желденген ер.
Зынданда тынып жатпай  қамалды алған,
Халқы үшін жан аямай терлеген ер.
Заманын тура жолмен бірдей көріп,
Сол болды арманменен  жерленген ер.
Біз-дағы соның жолын қуып тұрмыз,
Жалғаннан үміт үзіп, суып тұрмыз.
Бүгін бе, ертең бе деп, тағдыр күтіп,
Ажалға көз бен қастан жуық тұрмыз.
Аман бол, қайран жұртым, қадірлі елім,
Жөнеуге белді бекем буып тұрмыз...