Қауыс Ұзақбай

Қауыс Ұзақбай

            1949 жылы Шалқар ауданында дүниеге келген. Шалқар қазақ орта мектебін, А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Мұғалжар аудандық «Еңбек таңы» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, баспахана директоры, Темір аудандық «Темір» газетінің бас редакторы, аудандық «Қазақ тілі» ұйымының төрағасы, «Халық кеңесі» газетінің Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі, «Тура би» газетінің бас редакторы,облыстық ақпарат басқармасында бөлім бастығы, облыс әкімінің кеңесшісі, облыс әкімі аппаратында бас маман  қызметтерін атқарды. «Мерейлі мекен» жинағында өлеңдер топтамасы жарияланды. Бірнеше кітаптардың авторы.

Қауыс Ұ: Өмірбаян // Темір ауданы. Энциклопедия / Жауапты шығарушы Әділханұлы М.- Ақтөбе: «А-Полиграфия», 2010.-552 б.
Қауыс Ұ. Айтарым бар адамдар: Өлеңдер; Қойылым сценариі. - Ақтөбе,1999.- 171 б.
Қауыс Ұ. Жалғыз оқ: Шығармалары // Ақтөбе: «А-Полиграфия»,2009.-296б.
Қауыс Ұ. Жарас мерген Пұсырманұлы: [Шектінің батыры Жарас мергеннің (1688-1774ж.ж.) туғанына 320 жыл толуына арналған тарихи деректер ман аңыз-әпсаналар жинағы].- Ақтөбе, 2008.-398 б.

              Далам менің
Саумалдай бұл даланың самалына
Құмардан шығып әсте қанамын ба?
Жусанды жаңғырыққан жоталардан
Тұрады бір сурет жанарыңда.

Сарғайып сағыныштан жапырақтар,
Дегендей қыс алдында жарқырап қал.
Соңғы рет жел лебінен елбек қағып,
Адырда желбірейді сарқұлақтар.

Билеген қарашаның ызғары да,
Кілегей су бетінде мұздары бар.
Қосылып қайтқан құстар ән салатын
Күздің де қайталанбас саздары  бар.

Жалғасқан ағыл-тегіл жауынына,
Ілесіп келе қояр дауылы да.
Кей сәтте қатулы күз қабағынан
Танисың кәрі қыстың ауылын да.

Құшағын кеңге тастап тыныстаған,
Ұлыңмын өзің жайлы жыр ұштаған.
О, далам, қойныңдағы еңбеккер жұрт
Ойы бір, тілегі бір туыс маған.


                Өзім туралы
Мұратындай даламның дара туған,
Ұлы құмның қойнынан жаратылған.
Тілегім бар самалындай сәуірдің,
Ақ көңілден жылу боп таратылған.

Күн туса да қиын ағыс саналған,
Жүректерден өшпес емес ақ арман.
Адамға тән жамандық пен жақсылық,
Тайталасса мен соңғысын қалағам.

Қуанса деп бір адамдар ісімнен,
Болам кейде сол үшін тірі жүрген.
Жол бермесем жәбірлеп жабырқауға,
Қуат алам сәбидің күлкісінен.

Төлеген тілегіндей тойындағы,
Мұқағали мұраты ойымдағы.
Адамдарға келеді бөліп бергім,
Жанартаулар сөнгенше бойымдағы.

Қиналсам да мезгілдің толғағына,
Қуанамын қазақ боп туғаныма.
Қызығын бұл ғұмырдың баянды етіп,
Қызғалдақ боп шығамын қырға мына.

Жақсыға дос боламын дауасы көп,
Қарлығашқа болысам панасы боп.
Соңғы демім қалғанша жүрсем деймін,
Шалқардың ұялмайтын баласы боп.