Молдабай Тәңірберлі

Молдабай Тәңірберлі
(1858-1923)
1858 жылы Ақтөбе уезі, Бөзгілі болысының №3 ауылында дүниеге келген. Жетіру ішінде Тама. Таманың Тәңірберлісі. Арғы аталары қаһармандық эпос кейіпкерлері  Нәрік, Шора, бергі атасы-Торғай шежіре -тарихты, ескі әңгімелерді көп білген, өнерді сүйіп, ақын-жыршыларды қастерлеген, «би болмаса да, би түсетін үй болған». Бала кезінде сондай қадірлі қонақтарды көп көрген Молдабай өнерге асық боп өседі. Ақыры діттеген мақсатына жетеді, жүйрік ат мініп, құмай тазы ертеді, өнерпаз жігіттерге  қосылып бір уақ серілік құрады. Кейіннен бай болған, бағылан болған,  өз  уақытына орай  терең білім алған дәулескер күйші Үсен төренің көзіне түсіп, төренің  алқауымен үш  жүзге аты мәлім өнерпазға айналады.

«... Молдабай біз үшін үніміз жетпейтін асқар шың болса, біз соның қоңырқай ғана етегіміз.»
                                                                                        Әли Құрманов

Тәңірберлі Молдабай. Өмірбаян мен өлеңдері // Адырна: Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов.- «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС,  2011.-153 б.
Молдабай: Өлең, ән сөздері, зерттеулер /Құраст. Асанов Ж. Құрманбеков Е. –Ақтөбе: «Литер-А», 2012.-110 б.
Қонақбаева А:  «Тәңірберлі Молдабайдың бейіті табылды». [ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор И.Жақановпен сұхбат] / Атақ қумаған таланттар.-Ақтөбе: «А-Полиграфия»,2013.-52 б.
Қабақбаев Ж:  Молдабайдың әні еді...// Ақтөбе.- 2008.-10 шілде.

                                                Молдабайдың әні
Тәңірберлі Молдабай,
Малға жарлы болса да,
Айтар сөзге, тілге бай.
Сөйлер сөзге келгенде
Орынбордың алдында,
Көкше мұздың үстінде,
Тағалаған жорғадай.
Сөйле, тілім, жалықпа,
Жалықпақ жақсы қалыпқа.
Білгеніңді айтпасаң,
Тек жатар жөнің бар ма еді,
Тегіс жайып халыққа.
Айтарыңды анықта,
Аққу құстай шалықта.
Жақсы менен жаманды,
Қаусырма жақ, қызыл тіл,
Көп ішінде анықта.
Алтын қалпақ, жез телпек,
Хандар киер көзіне.
Кімдер әуес болмаған,
Молдабайдың сөзіне.
Ақ дігірден көрінбей,
Үйдің сәні келмейді.
Шым оралуы болмаса,
Шидің сәні келмейді.
Егескен жауын мұқатпай,
Ердің сәні келмейді.
Қара жерден қар кетпей,
Көк орай шалғын шөп өспей,
Жердің сәні келмейді.
Үйрек ұшып, қаз қонбай,
Көлдің сәні келмейді.
Қызыл-жасыл киінбей,
Қыздың сәні келмейді.
Қыз-бозбала жиылмай,
Жырдың сәні келмейді.
Молдабайдың әні еді,
Осылай деп ән салсақ,
Домбыраның сәні еді.