Жұмағалиев Есенбек

Жұмағалиев Есенбек

Жұмағалиев Есенбек Ескендірұлы 1986 жылы 31 наурызда Ақтөбе обылысы Байғанин ауданында Қарауылкелді ауылында дүниеге келді. 2003 жылы Т.Жармағамбетов атындағы орта мектепті бітіріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің шет тілдері факультетін 2007 жылы ағылшын тілі мамандығы бойынша бітірді. Студент кезден бастап Ақтөбе қаласында білім саласында (№34- қазақ орта мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, «Ақтөбе-дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығында әдіскер, Ақтөбе гуманитарлық техникалық әмбебап көпсалалы колледжінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі) қызметін атқарды. 2005-2006 жылдары «Ақтөбе» обылыстық газетінде, 2017ж. Ақтөбе обылыстық «керек info» газеттерінде өлеңдері жарияланды. Өлеңдері Республикалық «Жастық- жалын жыр» және Ақтөбе обылыстық «Ақ айдын» атты антологиясына енген. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер.

ЖАҢБЫРДА БІР ТАЗАЛЫҚ БАР МЕН БІЛГЕН...
Қу тірліктің құлқыны ұрып, мастанған,
Адамдардың пейілімен ластанған.
Әз қалаға тәңір нұрын себелеп,
Мөлдір моншақ құлап жатыр аспаннан.

Көк аспанның тылсымына сендірген,
Жаңбырда бір тазалық бар мен білген.
Сәні кірген қор қызындай, жұпарлы,
Гүл мәз- мейрам, сырғаланып мөлдірден.

Бұл әлемді бай- бағылан мен жалшы көп,
Ит тірліктің илеуінен аршып ап,
Делдалы боп тіршілік пен тәңірдің,
Құлап түскім келді жерге тамшы боп.

Айналдырған уақыт- көштің ұршығын,
Сәл ұмыттым минуттардың тырсылын.
Барлық әлем қарбаласта, жалғыз мен,
Ақ жауыннан тыңдап тұрдым тылсым үн.

Аспан мен жер хат алысты достасып,
Тілін тапсаң сыр айтады тас та ашық.
Серуендеп жүр жүректері елегзіп,
Құшақтасып қолшатырлы қос ғашық.

Тамшы сұрап, аспанға үнсіз телмірген,
Ақ жауынсыз сырласады көл кіммен?
Құбылмалы көңілімдей ойнақшып,
Бір көлшіктің толқынғанын көрдім мен.
Жаңбырда бір тазалық бар мен білген...

АНАМА ХАТ (екінші өлең)
Көптен бері айналмай құлынынан,
Анашым, жан дүниеңнің сырын ұғам.
Сырт келбетім күлімдеп жүргенімен,
Жан дертімді қайтейін мұң ұлыған?
Келіспеске келісем үнсіз кейде,
Бассыздыққа басымды шұлғимын да.
«Құдайы бар мына әлем мінсіз»- дей ме?
Құдайсыз алаяқтар ылғи мұнда.
Алмасып күн мен түні сырғанаған,
Жалығамын кейде осы сұр қаладан.
Адам түгіл, өкпешіл қыз секілді,
Жонын теріс беріп жүр жыр да маған.
Мен қаладан, қала менен жалықты әбден!
Ел жақты ойлап, қажыдым налып көптен.
Ең бақытты, іңгәлі шақтарды аңсап,
Сен таянған бесікте қалып кеткен.
Өмір- базар. Бір ұтып, бір ұтылдым,
Мұқалып, қанша мәрте үгітілдім?
Мен жақында оралам Ақтөбеге,
Құр сүлдерін сүйретіп үмітімнің.
Алпыстың алты қырын әрі астың да,
Сен қартайдың, барамын мен де есейіп.
Сырласатын әкем де жер астында,
Мен барған соң сағаттап сөйлесейік?
Содан кейін...
Іздеп жүріп ішінен тұмандардың,
Мен жасайын бейнесін ұлы арманның,
"Бақыт" деген ең басты кейіпкерін,
"Өмір" деген ең көркем шығармамның...


АУЫЛҒА САПАР
Қиял қанат мініп ап пірағымды,
Сағынушы ем мекенім, тұрағымды.
Ауылыма жеттім-дағы зиратқа кеп,
Әкеме бағыштадым құранымды.
Басайыншы көңілдің сағынышын,
Аралап, бір серуендеп ауыл ішін.
Барайын да, бұлаққа бас салайын,
Мөлдір суын жерімнің қанып ішіп.
Мынау көлшік мен күнде балық аулап,
Осында кеп көршіммен тай суарғам.
Мына жолмен таң ата ұйқылы-ояу,
Әкеме еріп өріске қой шығарғам.
Бетін ашқан ең алғаш дәптерімнің,
Естелігі балалық өткенімнің.
Сенің арқаң жыр жазып отырғаным,
Ғимараты бұл менің мектебімнің.
Әттең, балғын бала кез қайрылар ма?
Уайымнан бейхабар, қайғыдан да.
Мынау менің көшем бе шапқылайтын?
Жағып алып бармақтай майды нанға.
Екі жүрек дүрсілдеп, бет қызарып,
Әшкере боп қалардай "қылмыстары",
Қай тұста еді, апыр-ай қай маңда еді?
Ерін сүйіп, ең алғаш қыз құшқаным.
ТАҒЫ ДА СОЛ ҚЫЗҒА...
Ғаламның барлық кереметтерін,
Өзіңмен ғана тең көрем.
Өлең оқып ем, елең етпедің,
Керек етпедің сен неге?
Орамалыңды желбіретті де,
Сыбырлап кетті жел не деп?
Ет жүрегіңді елжіретті ме?
"Ынтызар жігіт келді"- деп.
Ұйқысын бөлдім және бір түннің,
Басымда өзге қайғы аздай.
"Аға"- деп қалдың. Әрең іркілдім,
Көргенде "жаным"- дей жаздай.
Ой қамалына қоршалып қалам,
Базарым тарқап, сезімсіз,
Аноу бір кеште томсарып қана,
Шығарып салдым сені үнсіз.
Бір құшып сонда неге кетпедім?
Босатып жүрек тізгінін?
Сезімнің нәзік көбелектерін,
Тоңдырды тағы күз бүгін.
Отырмын тағы ойыммен жалғап,
Үміттерімнің үзігін.
Қиялмен саған ауадан қармап,
Саламын неке жүзігін
Жақында қайтам Алматы жаққа,
Сенсіз көремін шың басын.
Салдырсам ба екен арбаты жақта
Махаббатымның сұлбасын?...
(...Шешіп жатқанын сырғасын.)

ҚАЙЫРЛЫ КҮН!!! (ақын қызға)
Сәлеметпе, тәтті ару, қайырлы күн!
Дәл мендей ұғар дейсің жайыңды кім?
Мен сені ұнатамын, білесің ғой,
Шайырдай ұға алады шайырды кім?
Жан жарамды өлеңмен таңып қойдым,
Жұлып алып кеудемнің жұлым етін.
Мен бейнамаз қалпымда қалып қойдым.
Сен мойындап құдайдың құдіретін.
Өмір сүрсем сен жайлы өріп өлең,
Жан бар ма жылы аңсарға ерімеген.
Уылжыған жас күнің әдемі ғой,
Әдемі қартайсаңшы меніменен?
Мұның бәрі жай арман, бір елестей,
Тұлдыр сезім қашанғы жүреді өшпей?
Түк сезбеген боласың қасақана,
Сені сүйіп қалғаным түк еместей.
Қасақана танбайсың  "ағалаудан",
Мен сұрадым сені арман- шағаламнан.
Жүрегінде қызға деген сезімі бар,
Мынау ма менің түрім "аға" болған?
Айтпақшы, түс көрдім кеше:
Түсімде банкет...
Жиналған елдер гөй-гөйлеп...
Бақыттың лебі жанымызды өртеп,
Қасымда сенсің.
Арыңдай әппақ той көйлек.
Оянған соң...
Параққа жыр төгілді мұң аралас,
Сен жайлы сыр айтар ем, ұға ма дос?
Мен сені ымырт шақта еске алайын,
Сен мені намаздыгер дұғаңа қос.
Сәлеметпе, тәтті ару, қайырлы күн!
Қалай екен көңіл күй, хәлің бүгін?
Ақтөбенің ақыны, сені ойладым,
Алматыда жарғанда қайың бүрін.
Қайырлы күн!!!
Қайырлы күн!!!