Нұрмағанбетов Мерген

Нұрмағанбетов Мерген
 Ақтөбе облысы Байғанин ауданы, Ебейті ауылында туған. 2015 жылы Абай, Шәкәрім, Махамбет оқуларының  аудандық кезеңінде «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бағыты бойынша I –орынмен, 2016 жылы  осы  байқаудың  бас жүлдесімен марапатталды. 2016 жылы Жалпы білім  беру ұйымдарының оқушылар арасында  XII республикалық Абай оқуларында көрсеткен белсенділігі  мен қол жеткен ерекше жетістіктері үшін марапатталды. 2017 жылы Республикалық «Ақберен» байқауының облыстық кезеңіне қатысып, қазақ халқының рухани мұраларына деген сүйіспеншілігін жоғары дәрежеде көрсете білгені үшін   II- орынмен  марапатталды.


 Адамзаттың алыбы  ұлы Абайға

Қазақта танымайды Абайды кім?
Халқымен бірге тартқан талай мұңын.
Тарқатып мен айтпасам кім айтады?
Алпысында қиылған жол айрығың.

Жазушы,ақын,әрі аудармашы,
Тауға да,тасқа соққан заңғар басын.
Болар деп,соқпақ іздеп үміт күтіп,
Сеніммен,сеніп келген таңдарға шын.

Абай –ұлы,данышпан,Абай – дана,
Қара сөзін ұқпассың қалай ғана?
Осындай бетке ұстар ұлығың бар
Жарасып тұр елім-ау шарайнаңа.

Қазағым,Абай сенің қарашығың,
Аласармас асқарың дара шыңың.
Абайдай ұл туар ма бұл заманда?
Халқымен бөлісетін қара суын.

Кешпеген күндері аз мұңсыз қайғы,
Елі үшін жүрегі шын сыздайды.
Кешегі хакім Абай салып кеткен,
Қара өлеңнің бүгіні құнсыздайды.

Білемін қазағымның ақыны көп,
Сөздерінен тұратын атылып оқ.
Бірақ сол көп ақынның ішіндегі
Тең келетін Абайға татыры жоқ.

«Ескендір», «Әзімімен», «Масғұттары»
Қалған жоқ бұл заманда қақсып бәрі.
«Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ»
Осыны жастарымның жақсы ұққаны.


Болашақтан   береді жорық хабар,
Өлең жоқ оныкіндей оңып қалар.
Дархан елдің дарасы, дарынды Абай
Ұлылардың ұлысы болып қалар.                                                                                                                        





Достым сені

Ашу келіп қайнағанда зығырың,
Таба алмайсың адамдықтың жұғынын.
Сезбейсің ғой ертең күліп жүресің,
Достым,сені, өкпелетсе бүгінің.

Достым,сені, өкпелетсе ертеңің,
Ертеңің ол,бір ғажайып ертегің.
Мына өмірге сонда да сен налыма
Арғы күні өсер, бәлкім, өркенің.

Достым ,сені, өкпелетсе арғы күн
Жапса-дағы келбетіңді арлы мұң.
Сонда да сен алға қарай жүргейсің,
Ұмытасың өткеніңнің барлығын.

Достым ,сені өкіндірсе кешегің,
Басса-дағы бар жүзіңде неше мұң.
Сорлы тағдыр бір өзіңе қарамай,
Қайтер едің төгіп кетсе нөсерін?

Достым, сені өкіндірсе өткенің
Естілмесе үнің,назың,өкпе мұң.
Сонда да сен алға қарай жылжымай,
Бекер болар көз жасыңды төккенің.

Достым ,сені өкпелетсе бұл жалған,
Сен боларсың сонда өмірге шыңдалған.
Сірә,бір күн бақытыңды табарсың,
Құлатса да, санап жүріп мың жардан.
            

          Аз ғана шындық

Білемін бізге енді қарамас құт,
Иманды ібіліспен ала қаштық.
Жаныңды жәннат баққа кіргізбейді,
Тәніңді билеп кеткен жалаңаштық.

Сырыңды сыртқа ашқан сайқал кілең,
Көзіммен күнде көрем сайтанды мен.
Тапшылықтың болмауы аздырды да,
Жақсылықтың орнауы байқалды кем.

Баяғы басын тігер батыр қайда?
Батпанын бәлелерге батырмай ма?
Құлдары құлшылығын етіп жүрсе,
Құдайым құт-береке татырмай ма?

Тежеусіз тыя алады нәпсіңді кім,
Ұлғайып ауру болды, асқынды мұң.
Жаныңда жолбарыстың қайраты жоқ,
Қаныңда сыңсиды кеп қасқырлық үн.

Кер заман буындырды кеңірдектен,
Жарасын жеңіл-желпі желімдеткен.
Жарлы болсаң жаныңа жуымас жан,
Биік болу керек қой шенің көптен!

Жауыздықтан жасалған ойың жаман,
Арамдықпен ағады бойыңда қан.
Не бір түрлі сұмдықтар жатыр екен,
Әлі күнге нүктесі қойылмаған.

Тұрса да бағынбаған сын алда мың,
Ажал келсе бәрібір шығар жаның.
Ұмытпа тәубең менен иманыңды,
Бәрі де тек қолында бір Алланың!