Ыбыраев Нұрбол

Ыбыраев Нұрбол


1991 жылы 17-сәуірде Қызылорда облысы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында тұрады. 2008 жылғы  республикалық «Абай оқулары» байқауының арнайы номинация иегері. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік  университеті тарих-филология факультетінің түлегі.

Ыбыраев Н: Ақын болғым келеді. Жыр жинағы/ Насихат,2003.
Ыбыраев Н: Болашақтың бастауы: Жыр жинағы/ Насихат, 2003.
Ыбыраев Н: Қанаты жоқ періште: Жыр жинағы.-Ақтөбе: Нобель, -2010. Ыбыраев Н: Өмірбаян мен өлеңдер // Шұғыла: Жас ақындар жинағы.- Ақтөбе, 2012.-67 б.


        Қанаты жоқ періште
Өзегімді өртеп түнде өртті өлең,
Арпалыстым жазылмайтын дертпенен.
Бір кездері сені сүйгем жанымдай,
Қазір сені... Жек көрем!
Аңқау тағдыр сезімімді сезбеген,
Енді саған жазылмайды өзге өлең.
Сол бір түні батырдың да күнәға,
Қалай ғана некелестің өзгемен.
Сен мен үшін орны бөлек асқақ ең,
Сол бір түннен жаңа ертегі бастап ем...
Ертегіні бақытсыз ғып аяқтап,
Қалай ғана тұрмыс құрдың басқамен?
Жанарыңнан жас боп ағып көктемің,
Қайғыменен қауыштырып...
Не еткенің?
Ақымағым, сол бір түні сездің бе,
Жүрегімнің құшағыңда кеткенін.
Қоштасуға жетіп біздің шамамыз,
Сағынышқа жүгінеді санамыз.
Сен де, мен де өкінішке бой ұрған,
Тоғыспайтын ессіз тағдыр ғанамыз.