Кенбаев Оразбек

Кенбаев Оразбек

            1990 жылы 4-қаңтарда Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген.Шалқар ауданы Тоғыз ауылындағы орта мектептен білім алған. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Айтыскер ақын.
О.Кенбаев: Өмірбаян мен өлеңдер // Шұғыла. Жас ақындар жинағы. -Ақтөбе, 2012.-60 б.

                                                      Төрт
                                                 (Әзіл өлең)
Себеп болды бір өлең әкелуге,
Шалқар шабыт қалықтап қапелімде.
Таңғы төрттер шамасы өлең жаздым,
Жатып ап төрт қабырға пәтерімде.
Төрт әлсіздің күші бар білегімде,
Төрт қыздың жарасы бар жүрегімде.
Төрт апамнан кейін мен келген екем,
Төртінші қаңтар күні бұл өмірге.
Кітаптың да оқымай төрт парағын,
Сабақтан да үнемі төртті аламын.
Сәйкестігін қайтерсің руымның,
Төрт жасымнан білемін, Төртқарамын.
Мынау төрткүл дүниені жортып жүрмін,
Төрт құбылам тең жандай толқып жүрмін.
Ол аздай басымда да төрт орай бар,
Төрт әйел алам ба деп қорқып жүрмін.
Төртеу түгел болса егер төбедегі,
Келеді деген сөз бар өнегелі.
Үстімдегі көйлек те төрт мың теңге,
Оны айтпай-ақ қоюым керек еді.
Ойпырмай, айтқанымның бәрі есімде,
Өлең жаздым ашылмай сәресім де.
Төрт бокал сыраға да қызып қалып,
Төрт аяқтап қайтқаным әлі есімде.
Төрт дөңгелек мәшине алайын ба,
Бірақ ГАИ-лар толып жүр маңайымда.
Төрт деген өлеңімді тарту еттім,
Төрт көзі түгел тұрған ағайынға!




           *        *       *
Ақ бантик тағып шашыңа,
Сен өскен ауыл осы ма?
Мен жайлы сырлар шерттің бе?
Сағынған кезде досыңа.

Бақыт боп атар таңдарға,
Сенімің мүлде қалған ба?
Шығарып неге салмадың,
Ауылыңа барғанда?

Телміріп сөнерде күнге,
Мені іздеп келер дедің бе?
Жанардың жасын тауысып,
Жол жаққа елеңдедің бе?

Кетерде жыраққа жаным,
Үмітпен ұзақ қарадың.
Жаутаңдап сенің үйіңе,
Ауылдан ұзап барамын.