Дүйсенбайұлы Есенбай

Дүйсенбайұлы Есенбай

(1940-2011)
1940 жылы 16 мамырда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қалдайбек ауылында туған.1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын Жарқамыс орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдігінен бастаған. Темір және Байғанин аудандық, Ақтөбе облыстық газеттерінде әдеби қызметкер, редактордың орынбасары, бөлім меңгерушісі, аға тілші болды. 1978-2009жж. Республикалық «Жазушы», «Жалын», «Ана тілі», «Өлке», «Раритет», «Білім» баспаларында аға редактор, Қазақстан Даму институтының «Саясат» журналында  редактор, жетекші редактор, редактор –аудармашы,  директор-редактор қызметтерін атқарды.
М.Горькийдің  «Әдебиет туралы», академик  Г.Ломидзенің  «Ұлы достық ұлағаты» кітаптарын,палистиналық ақын әл-Хамиси, қырғыз шайыры Б.Абакиров жырларын,екі томдық орыс поэзиясы антологиясын қазақ тіліне аударуға қатысқан. Ақын ұзақ жылдар баспа саласында қызмет істей жүріп, 100-ге жуық поэзиялық, прозалық кітаптар құрастырған.
Ұлы Абайдың 150 жылдығы құрметіне  тұңғыш рет өткізілген республикалық жазба ақындар мүшәйрасының Бас жүлде иегері. 1996 жылы Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлығының, 1990 жылы «Үшбұлақ» жыр кітабы үшін Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының иегері, Байғанин  ауданының, Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы.

      «Есенбай ешқандай қоспасы жоқ, табиғаттың аузынан түсе қалған ақын.»
                                                                                                               С.Жиенбаев
Дүйсенбайұлы Е.Өмірбаян // Қазақстан Жазушылары. Анықтамалық / Құраст. Қамшыгер С. Жұмашева Қ.- Алматы: Ан-арыс, 2009.-130 б.
Дүйсенбайұлы Е: Өмірбаян // Байғанин ауданы энциклопедиясы /Бас ред.Кемешов Б.- Ақтөбе, 2008.-149 б.
Дүйсенбайұлы Е. Боз ала таң, бозторғай: Өлеңдер жинағы. - Алматы: Жазушы, 1971.
 Дүйсенбайұлы Е. Ақ пейіл: Өлеңдер жинағы. –Алматы: Жазушы, 1974.
Дүйсенбайұлы Е. Ұланғайыр: Өлеңдер жинағы. –Алматы: Жазушы, 1977.
Дүйсенбайұлы Е. Ашық аспан: Өлеңдер жинағы. -Алматы: Жазушы, 1978.
Дүйсенбайұлы Е. Ақ желкенді ағыстар:Өлеңдер жинағы. –Алматы: Жазушы,  1979.
 Дүйсенбайұлы Е. Біздің толқын: Өлеңдер жинағы.-Алматы: Жазушы,1981.
Дүйсенбайұлы Е. Ашық хат: Өлеңдер жинағы.-  Алматы: Жазушы, 1982. 
Дүйсенбайұлы Е. Ұланғайыр: Өлеңдер жинағы. -Алматы: Раритет, 2006-272 б.
Дүйсенбайұлы Е. Екі томдық шығармалар жинағы. - Алматы: Жазушы, 2008.-368 б.
 Дүйсенбайұлы Е. Пешене: Өлеңдер жинағы. – Алматы: Жазушы, 2005.-368 б.
Дүйсенбайұлы Е. Ойтоғыс: Пікір пайым кітабы.- Алматы: Жазушы, 2004. 
Дүйсенбайұлы Е. Өмірбаян мен өлеңдері // Екімыңжылдық дала жыры: Өлеңдер жинағы / Бас редактор Ә.Нысанбаев.- Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 2000.-569 б.
Дүйсенбайұлы Е. Өмірбаяны мен өлеңдері // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е.-Ақтөбе, 2006.-195 б.          
  Дүйсенбайұлы Е. Өмірбаян мен өлеңдері // Жиырмасыншы ғасыр жырлайды: Қазақ поэзиясының антологиясы / Құраст. Абдрахманов С.Т.1.-Алматы: Раритет, «Алтын қор»  кітапханасы. 2007.-205 б.
Дүйсенбайұлы Е. Өлеңдер  // Өлең өлкесі: Қазақ табиғат лирикасының антологиясы / Құраст. Ж.Әскербекқызы.-Алматы: Жазушы, 2009.-375 б.

                                                 *        *        *
                                Ой, мекен, ойһай, мекен, ойдай, мекен,
                                Мың келіп, қызығыңа тоймай кетем.
                                Алыста жүрген сайын адам, сірә,
                                Ауыл деп алаңдауын қоймайды екен.

                                Ол үшін әлі сәби балдырғанмын,
                                Мен сонда жорға дәурен салдырғанмын.
                                Борпылдақ құмдарында борбайлатып,
                                Құйғытқан бір құлыншақ қалдырғанмын.

                                Оу, шіркін, желекті Жем, қияқты құм,
                                Ат ізін аулақ салып ұяттымын.
                                Ең байтақ ел деген бұл елшілікте
                                Өзіңдік тұрақты өкіл сияқтымын.

                                Осынау ақ үміті үзілмеген
                                Кінәмшіл дүниенің жүзінде мен,
                                Саған сөз келтірмеуге,туған далам,
                                Саптағы жауынгердей  түзуленем!

                                                                                                                                                                                                                  
                                        *        *        *
Көрінді бұлттан қиық күн,
Көңіл де ояу, көз де ояу.
Сен барсың бірақ, сүйіктім,
Бозторғай бояу, боз бояу.
Ерте де, кеш те төгіп жар,
Естіліп тұрар ер даусың.
Сен жүрген жерде өмір бар,
Өмір бар жерде сен барсың.
Ән-жырың тозбай, ой тозбай,
Толқып та толқып толғарсың.
Сен жүрген жерде бозторғай,
Бозторғай барда сен барсың.
Өзіңсіз күндер озар ма,
Отырмын тағы ой толғай.
Таңымның аты –Бозала,
Торғайдың аты-Бозторғай.
Боз бояу тұр ғой көзге ұрып:
Даланың аты –Боздала,
Жігіттің аты –Бозжігіт,
Баланың аты- Бозбала.
Шулардан шаршап тозғанда
Жайлауға барсам өзім мен:
Жорғаның аты – Бозжорға,
Күйдің де аты – Бозіңген.
Әрі асып бұлттан ақыным,
Аспанда бір сәт көз жұмсаң,
Иіскеп отыратұғын
Дәрінің аты –Бозжусан.
Азамат кетсе бір асыл,
Боздағым деп те жатар кеп.
«Бозторғай құстың ұясы
Бозаңда болар»(Махамбет).
Беу, дүние, бұлар аз екен,
Болмаса қайран ақыр түк.
Қазаға қарсы Қазекең
Бозқасқа шалар бақыртып.
Ерте де, кеш те игі үні
Естіліп тұрар ой қозғай.
Бозбала күннің гимні –
Бозала таң мен бозторғай!