Тілеухан Дәурен

Тілеухан Дәурен

Дәурен Тілеухан 2000 жылдың 28 қазанында Ақтөбе облысы,Әйтеке би ауданына қарасты Көрпе ауылында дүниеге келген. Жырлары облыстық, республикалық баспасөз беттері мен сайттарда  жарық көрген. Республикалық  «Ақберен» байқауының жеңімпазы. Соның нәтижесінде Түркістан облысындағы Қ.А.Яссауи ат. ХҚТУ-нің студенті.
Бала аспанның жұлдыздары...
Көрдің бе түннің мына тылсым нұрын?
Паш етіп бір сұмдығын.
Жанарымды еріксіз еліктіріп,
Жүрегімді жұлдызға жерік қылып,
Сағынышқа сусаған көңілімді,
Сырға малды,өлшеулі өмірімді.
Осы аспанның астында өткен сәттің ,
Көбі шаттық шашатын,көбі мұңды...

Сырласым мен мұңдасым  мылқау ғалам,
Көгінде бұлт аунаған.
Күн кетсе Ай жететін алып-ұшып,
Жұлдыздар ары-бері сабылысып,
Жалын ұшып жататын ғарыштан да,
Табысқандар,куә ғой қауышқандар,
Құпиясын біле алмай мына түннің,
Мен үнсіз көкке қарап тұратынмын.

Мұң жастанып кенеттен түнгі аспанды,
Жұлдыз болып кірпіктен бір жас тамды.
Сосын қора маңына таяу бара,
Бақылап жатамын мен  баяу ғана,
Жасыл шөптің үстінен нұрлы аспанды...

Кеудемде орын алса көк тұрағы,
Қиял боп кетті бәрі.
Зуылдап жету үшін сол әлемге,
Періштеге айналғым кеп тұрады.
Ай күлсе,жымыятын қыр қызы да,
Қарайтын күн қызғанып,гүл қызыға.
Әлемнің бар жарығы жетпейді ғой,
Дәуреннің бала күнгі жұлдызына...

11.11.17жыл
        *     *     *      
...Күз жылатқан...
Күзгі бақтан мұң көріп,
Сағынышты-санадағы жыр дедік.
Менің мынау үркіп қалған үмітім,
Кететіндей жапырақпен бірге өліп...
Нәзік самал үп еткендей үн қалсын,
Жыр қалсыншы, бәлкім сонда тыңдарсың...
Сағыныштан сарғаятын сезімнің,
қасіретін түсінетін кім барсың?
Өртім де осы өзегімді шарпыған,
Дертім де осы- дауа таппай алқынам.
Өкініштен өксік келіп жүрекке,
Жанарымды тамшыларға малтығам...
Ей, сұлулар, нұр жүздері жайнаған,
Өткенім боп қалыңдаршы жәй ғана.
Мен ендігі түнеруді тыям да,
Бір арудың бақытына айналам!
Іште қалып қанша қайғым көнерген...
...Жаңа парақ-Жазылмаған өлеңмен,
шимайлардан, шиырланған жолдардан,
Үр қызындай қыр қызына келем мен!
               Ақ арман
Жұлдыздай жарық нұрын жаққан алдан,
Мен сені ұмытқам жоқ Аппақ арман...
Сырласып сол бір қызбен баққа барған,
сәттердің сағым болып бүгін бәрі,
Менің  аңғал кезімдей артта қалған...
Ол барда-от жүректің жанар бағы,
жолында құрбан болып қалар бәрі...
Үзілмес үмітімдей жанардағы,
Мөлт еткен мөлдір мұңнан жаратылған,
Қайдасың, аңғал кездің ақ арманы?!