Кете Қазақбай
XIX ғасырдың алғашқы жартысында Ақтөбе өңірінде
дүниеге келген. «Қырымның қырық батырын» жырлаған. Онымен айтысқа түскен жас
Нұрпейіс Байғанин кейін Қазақбайды ұстаз
тұтқан. Бірнеше эпосты содан үйренген. Тәлім –тәрбие алған. Ресей зерттеуші-ғалымы В. Карлсон 1906 жылы 23 наурызда Орал уезі,
Жиренқопа болысынан Қазақбай мен Көшелек ақындарды архив комиссиясына алдыртып, олардың орындауында күйлер, батырлар жырын
тыңдаған. Осы жолы қазақтың "Көрұғлы", "Қобыланды", "Төрехан",
"Алпамыс", "Құбығұл","Қыз Жібек", "Бекет", "Ербақы", "Бозжігіт", т.б.
жырлары орындалған. "Қобыланды" жырын қарақалпақтар арасына Қазақбай
таратқан. Ақын туралы Е.Ысмайылов, О.Нұрмағанбетова, Қ.Сыдықов еңбектер жазған.
Кете Қазақбай: [Қазақбайдың
Нұрпейіспен айтысы] //Асыл қазына: Жинақ / Құраст. Асанов Ж. -Ақтөбе, 2001.-106
б.
Кете Қазақбай: Өмірбаян // Қазақ
әдебиеті.Энциклопедиялық анықтамалық / Бас ред. Тасмағамбетов И.– Алматы: Аруна Ltd. ЖШС, 2010.-291 б.
Кете Қазақбай: [Қазақбайдың Нұрпейіспен айтысы] //Адырна: Ежелгі жыраулар / Құраст. Асанов Ж.- «Шамшырақ-Ақтөбе»
ЖШС, 2011.- 43 б.
Қазақбай мен
Нұрпейіс // Қазақ өнерінің антологиясы.
25 томдық. Айтыс. Т.2./ Құраст. М.Жолдасбеков, Р.Әлмұханова. –Астана: Күлтегін.-2014.-280
б.
Қазақбайдың
Нұрпейіспен айтысы
(үзінді)
Қазақбай:
Қанатым талмай қаршыға-
Жайнап дәурен сүргенім.
Шеңгелім қайтпас шын болат
Шын күйіме түскенде,
Қиядан көзім шалғанды
Не болса да ілгенмін.
Жасым жеткен арыстан,
Дүбірден әлі қалыспан.
Екіталай жер болса,
Таптап жерге жанышқам.
Әркімдер әуес сыртымнан
Қазақбай деген дабыстан.
Жүйріктің жайы көрінер
Алқалы дуда шабыстан.
Тауым қайтып көрген жоқ
Жақын менен алыстан.
Алқалы топта айтыссам
Бергенім жоқ намыстан.
Қамал бұзған қайратты
Қызыл тілім ерікті.
Тарлан тартқан Қазақбай
Қиядан дауыл тұрғызам,
Көмейден басып көрікті.
Шын желденіп желгенде
Өзгеге бермен ерікті.
Жас жыршыны көрген соң
Желігер жерім келіпті.
Қиядан жарды ұрармын,
Екпініме шыдар кім?
Егескенде егеулі
Жыр қылышын шығардым.
Құрлыққа шыққан шынармын,
Айтысуға құмармын,
Азу тісім сақылдап,
Қандай жүйрік болса да
Қос өкпеден сығармын.
Тұяғым болат тұлпармын.
Руымды сұрасаң
Мен Майлыбай Кетемін.
Қашқан жерде құтылып,
Қуғаныма жетермін.
Осы отырған жамағат,
Жаңа талап бағаға
Домбырамды қолдағы
Енді ұсыныс етемін.
Нұрпейіс:
Жырыңды байқап қарасам,
Ешбір жоқ сенің ғапылың,
Жаңа өспірім бала деп,
Жетіспеген шала деп
Толмады ма тақымың?
Өзіңді сонша зор айтып
Мұнша неге тасыдың?
Түлектен шыққан шынығып
Балапан бүркіт мен болам,
Құлағыңды сал, сұңқарым.
Тұяғым тастан қайтпайтын,
Жарауым түскен тұлпармын.
Бәйгелі жерге қосқанда
Жер танабын құртармын.
Қазақбай ақын келед деп,
Сәрсенғали, Құлназар,
Ат жіберіп шақырды.
Қанша бала көрсең де,
Толтырармын тақымды.
Өзіңді зорға санайсың,
Аржақ пенен бержағын
Алыстан орап қарайсың.
Қарағанмен, Қазеке,
Сен бір гүлсіз қу ағаш,
Миуалы мен балдырған.
Сүйексіз қызыл тілімді
Жаңылдырман, талдырман.
Тарлан тартқан көкжалға
Жастығымнан шалдырман.
Қырқып қиып желісін,
Ағынмен бөгеп өрісін,
Кілтсіз кісен салдырған.
Естуімше сыртыңнан
Жырдың ағыс көзі едің,
Айтулының өзі едің.
Сіздей жүйрік шежіре
Іздеген менің керегім.
Аңсағанда алдымнан
Тілегенім табылған.
Тарлан тартқан жүйріксің
Талай топта шабылған
Екпінің күшті көрінді
Тас аунатқан ағыннан.
Айрылмасам бағымнан,
Кесілмесем қарымнан,
Сөйле деп кезек бергенде
Айтарымнан жаңылман.
Тас кесетін алмастай
Жыр күштісі табылған.
Даңқыңды естіп сыртыңнан,
Бір кездессем деп едім.
Дүбірің алып тыншымды,
Жанымды жастай жеп едің.
Әр мысалдан жыр жырлап
Домбыраны беремін.
Жасы үлкен қарт аға,
Қазекең алсын кезегін.
Қазақбай:
Домбыраға үн қоссам,
Әнге жырым жарасқан.
Алпысқа жасым келсе де,
Жерім жоқ бұрын адасқан.
Шүреннен шыққан жас бала
Меніменен таласқан.
Талай айтқыш егесіп,
Тозаңменен адасқан.
Жыр қанаты қомдалған,
Жыр қымбаты талданған.
Етектен бала алды деп,
Арланбан да, шамданбан.
Дуа тиген Майлыбай,
Енді бастап сөйлейін
Ожырай, Кете елімнен,
Елімде өткен бай менен
Қайтпайтын жаудан ерімнен.
Дау дегенде желіккен,
Кілең мықты серімнен,
Дербісәлі, Сүлекең,
Кетенің биі данасы,
Халқымның қорған панасы.
Әулие өткен жан еді,
Үлгі болған халқыма
Керемет үгіт, санасы.
Ел бастығы ер еді,
Ерлер мен биім көп еді.
Ежелден-ақ
Майлыбай
Мақтауыма сиятын,
Аузыма толы сөз еді.
Ақынды айтсам мақтанам:
Жастілеу мен Бақберген
Тасыған судай қаптаған,
Майлыбайдай ерім көп,
Елді берік сақтаған.
Білімі артық биім көп
Екіталай жерлерде
Елдің сөзін бастаған.
Малы өріске сыймаған
Сан жетпейді байларым.
Ақ сүйектің ұлындай
Елден озған паңдарым,
Таршылықта жол тауып,
Орындаған арманын.
Осынымның бәрі рас,
Айтпаймын сөздің жалғанын.
Көпті көрген көнемін,
Біраз жерден қармадым.
Екіталай кезеңде
Қабады жайын қармағым,
Ежелден ақын үлгілі,
Мен –Майлыбайдың бұлбұлы,
Басады, балам, салмағым.