Мәлік Әлмұратов

Мәлік Әлмұратов

         Әйтеке би өңірінің төл перзенті. Аймақтың мәдениетін дамытуға барынша үлес қосқан жан-жақты талант иесі. Ол шебер қобызшы, айтулы жыршы, белгілі фольклорист-журналист еді. Ақын қаламынан  әйел теңдігін жырлайтын «Ақбикеш», ерлік тақырыбында «Абат» поэмалары туды. М.Әлмұратов республикалық, аймақтық ақындар айтысына да қатысқан. Оның Жамал қызбен, Закариямен, Қазыбаймен айтыстары көркемдік және  кезеңдік ерекшелігімен есте қалады. Ақынның әлі жарияланбаған жиырма баспа табақтан астам шығармалары бар.

 Мәлік Әлмұратов. Өмірі мен шығармашылығы // Әйтеке би аймағының этномәдени мұрасы / А.Мұсаев.- Ақтөбе, 2006.-177 б.

                                                           Ақбикеш
                                                    (поэмадан үзінді)
...Қатыгез ертеректе бір бай өткен,
Малы көп қартайғанша бала көрмей,
Зар жылап перзент үшін қайғы шеккен.
Пұшпағы әйелінің қанамады,
Ынтық боп бір бала үшін жүрді көптен.
Өтпеді тамағынан ішкен асы,
Көл қылып екі көзден жасын төккен.
Әйелі бір күндері жүкті болды,
Мезгілі айы жетіп, күні толды.
Өлшеулі уақытылы күн болғаннан соң,
Толғатып бір ұл менен бір қыз туды.
Ұлының атын қойды Кескентерек,
Бір ғажап бала болды түрі бөлек.
Мінезі алмасуан алаңғасар,
Кетпендей кеңірдегі, мұрны шелек.
Кескіні адам шошыр алып күшті,
Ақсиған түрі жаман сойдақ тісті.
Қабағы нар бурадай жабылыңқы,
Өмірі істемеген бір жөн істі.
Қап-қара шүңірейген түрі жаман
Соқтықпай ешбіреуге жүрмес аман.
Мінезін көрген кісі шошығандай,
Қасына жуық жүрмес ешбір адам.
Кескінсіз ожыр, қара, имек мұрын,
Көруге адам шошыр оның түрін.
Қасына көрген адам жақындамай,
Бұрылып шошығаннан кетер қырын.
Қатыгез, қаныпезер, қара жүрек
Деп айтар оны сырттан білген сырын.
Ақбикеш қойылыпты қыздың аты,
Ақылды бала болды парасатты.
Тартпады ата менен ағасына,
Болғанмен оның туған нәсіляты.
Қияқтай қара қасты, пісте мұрын,
Нәп-нәзік сөйлегенде сөзі шырын.
Бұрылып қарағанда буынды алар,
Адамзат ғашық болар көрсе түрін.
...Есейіп екеуі де бойға жетті,
Көрген жан Ақбикешті тамаша етті.
Майысқан сегіз қырлы Ақбикештің
Жайлып әр тарапқа даңқ кетті.
Көрмей-ақ сырттан ғашық құмар болып,
                                        Жолында әркімдерді әуре етті...