Құрманқұл әулеті Бауыржан

Құрманқұл әулеті Бауыржан

 1954 жылы 11 сәуірде Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Қырыққұдық елді мекенінде дүниеге келді.
ҚазМУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған. Алғашқы шығармалары «Балауса», «Рауан», «Баспалдақтар» атты жас ақындардың жыр жинақтарына енді. Ішкі істер органдарында, облыстың телерадио комитетінде, газеттерде қызмет атқарды.

Құрманқұл әулеті Б. Кеш емес әлі: Жыр жинағы.- Алматы: Жалын;
Құрманқұл әулеті Б. Хат: Өлеңдер.-Алматы: Жалын;
Құрманқұләулеті Б. Кешір мені: Өлеңдер.- Ақтөбе. «А-Полиграфия»2012.-64 б.
Құрманқұлов Б.  Беу, дүние-ай!..: Өлеңдер.- Ақтөбе: «А-Полиграфия», 2014.-216 б.
Құрманқұлов Б. Қыдыр ата: Мистикалық хикаят пен детективтік әңгімелер.- Ақтөбе: «А-Полиграфия» 2014.-68 б.
Құрманқұл әулеті Б: Өмірбаян мен өлеңдері. - Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы. -Ақтөбе, 2006-322 б.
Құрманқұл әулеті Б: Өмірбаян мен өлеңдері // Гүл-ғұмыр: Батыр Ә.Молдағұлованың 80 жылдығына арналған ақтөбелік ақындардың  өлеңдер жинағы. -Ақтөбе, 2005.-51 б.
Құрманқұлов Б: Өлеңдері // Ақтөбе.- 2011.- 23 б. -20 қаңтар.

                                            Жолаушымыз
Жырларыма сүйін, мейлі, сүйінбе,
Сырымды айтам, тәлім болар кейінге.
...Дәм-тұз айдап, жол сапарда жүргенде,
Қонақ болдым бір ағаның үйінде.

Жас шамасы жетпіс бестен аспаған,
Аға, сірә, тақуа адам, жақсы адам.
Дүние-мүлік жинамапты  ешқандай,
Тақа кенде болмаса да ақшадан.

Үкімет берген үш бөлмелі үй –тұрағы,
Бар байлығы –жайнамазы,құраны.
Жағдай бар, жиһазы жоқ үйінде...
Неге бұлай тұратынын сұрадым.

Үлгі болар мына біздей пендеге,
Бұл ағаны ғұламадан кем деме.
                                           Қолға ұстаған бір сөмкең бар, байқаймын,
Артық мүлік жоқ қой ,-деді сенде де.

Үйде қалған дүниемді сөз етпей,
Жағдайымды түсіндіру керектей.
Сапардағы жолаушымын,- дедім мен,-
Менің жайым Сізден гөрі бөлек қой!

Бір жымиып бұл сөзіме ақталған,
Аға маған уәж айтты...
-Жоқ, қарғам!
Мен де сендей жолаушымын, -деді ол,-
Жолаушымын...ақыретті бетке алған.

Соғыстан қайтпай қалған солдаттың монологы

Бөледім көңіліңді сағынышқа,
Бөлмедім өміріңді сабылысқа.
Жан анам, кешір мені, кешір мені,
Мен тірі қала алмадым сол ұрыста.

О, менің ең қымбаттым әлемдегі,
Өтінем, кінәлама оған мені.
Мен, білсең, жеңіс үшін мерт болдым ғой,
Қырық жыл өтті арада содан бері.

Қырық жыл...
Үмітіңді үзбегенің,
Қырық жыл...
Түн ұйқыңды жүз бөлемін.
Сенбейсің өлгеніме,
Сенсең егер
Сен менің бейітімді іздер едің!

Тәубе айтып,
Тағдырыңнан түңілмейсің,
Тартты деп оң қабағым, күлімдейсің.
Қырық бір құмалаққа құлдық ұрып,
Құлыным кеп қалар деп күбірлейсің.

Тірі деп алдарқатқан жанашырға,
Анашым, сен шынымен нанасың ба!
Белгісіз жауынгердің бейіті боп,
Жатыр ғой ұлың Донның жағасында.

Өршіген өкініштің өртін үрлеп,
Өмірдің әлі күнге солқылы көп.
Бас иіп тұрады үнсіз күнде менің,
Басыма бір украин кемпірі кеп.

Барында берік сенім барына ұлдың,
Сарқа алмас Аналардың сабырын мұң.
Мен де оған тәжім етем... Өзіңді ойлап,
Қаулаған гүлдеріммен қабірімнің...