Әкімгерей Қостанов

Әкімгерей Қостанов

XIX ғ.
Ақын 1878 жылы Орынбор  облысы, Бөрте ауданында дүниеге келіп, 1932 жылы Қарақалпақстан, Шымбай қыстағында өмірден озған. «Қарасай-Қази», «Орақ-Мамай», «Телағыс», «Қобыланды», «Асан Қайғы» қиссаларын жырлаған. Ақтөбе, Орал, Орынбор, Қазалы, Қызылорда, Шымкент, Ташкент, Қарақалпақстан өңірлерін аралап, жыр айтқан. А.Затаевичке ондаған ән мен «Ақсақ құлан» күйін жаздырған. Өлең –жырлары, айтыстары көп сақталмаған. Ел арасында кең тараған  айтыстардың ішінде  Мырзабек Байжановпен  (Қызыл жырау) айтысы хатқа түскен.


Қостанов Ә: Әкімгерей мен Қызыл (Мырзабек) // Асыл қазына: Жинақ / Құраст.  Ж.Асанов. -Ақтөбе, 2001.-143 б. 
Қостанов Ә: Өмірбаян // Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас ред. Тасмағамбетов И. – Алматы: Аруна Ltd. ЖШС, 2010.-335 б.  

     Әкімгерей мен Қызыл (Мырзабек)
                          (үзінді)
                                Әкімгерей:
                                Жыршы боп жүр екенсің мен жоғымда,
Шері бар түлкі, қарсақ ел жоғында.
Қаңғырып Қазалыдан келген қасқа,
Бұл жерде кім қарайды аш –тоғыңа.
Қызыл жырау:
                                 Жан ба едің жайын өскен  көрмей  қысым,
                                 Бұл сөздің халық айырсын алтын, мысын.
Қоңқиып келген жерден мұны айттың ба,
Алтын десем әншейін мыс екенсің.
Бендесі әр қиырда жүргенменен,
Ақымақ,  Алла берер ризықысын.
Әкімгерей:
Айттың ба тойғаннан соң бүгін мұны,
Әркімнің бұл сөзіңе келер жыны.
Бұл жерде әулеті жоқ, тумасы жоқ,
Осының өлсе түсер кімге құны?!
Несіне тойғаныңа мас боласың,
Қаңғырып ішкен қасқа жуындыны.
Қызыл жырау:
Еш жерге жете алмайсың бұл ойыңмен,
Кей жаман жүрген жерін лайлаған.
Ақымақ алды-артын болжамайды,
Өз сөзін өзі мақтап шырайланған.
Қаһары келсе фишрат таптырады,
Жүргенде ойының келіп Құдайменен.
Әкімгерей:
Еш адам бай болмайды сараңдықпен,
Мақсатқа Әкім жетпес арамдықпен.
Есебін еш нәрсенің біле алмай,
Халықсың тозып кеткен жамандықпен.
Қызыл жырау:
                                   Еш адам бай болмайды есеппенен,
                                   Дүние тең суға еріген кесекпенен.
                                   Бұл нәубет өз басыңа кеп қалмасын,
                                   Дүние ешкімге опа көрсетпеген.
                                   Әуелі Құдай, әулие жар бола гөр,
                                   Ұқсастық бір ақырған есекпенен.
Әкімгерей:
            Сөйлейсің қалай-қалай сөзді қасқа,
            Әлі тиген жоқ па еді басың тасқа.
Өмірінше тозғындаған халықсың ғой,
Тимеген ауыздарың өмірі асқа.
Қызыл жырау:
            Артық па біздің елден қызықтарың,
Еліңе ел екен деп қызықпадым.
Тозғында, дуана боп жүрсе халқым,
Тағдырдың көрген шығар сызықтарын.
Атаусыз өлгендерің қалып жатыр,
Кірмейді құлағыма быжықтарың.
Інісі ағасының қызын алған,
Көп екен елдеріңде бұзықтарың.
Әкімгерей:
Ақтайсың бұзықтықпен бұзылғанды,
Маңдайға қайдан білдің сызылғанды.
Бес жасар, он жасардан ұстап беріп,
Бірталай біздің халық қызыңды алды.
Қызыл жырау:
Қарашы хайуанның азуына,
Мас болып бес-алты пұт азығына.
Қыз бенен қой қай жерге кетпеуші еді,
Қартайған қыз көрдің бе қазығында.
Тағдырдың қумен қылсаң жазығы не,
Өзіңнің қыз –қатының талақ болды,
Қарыған қаз көріп пе ең қаз ішінде.
Әкімгерей:
Ай,қасқа, тарта сөйле тіліңізді,
Сандалдың бірің көрмей, біріңізді.
Әуелі келген кезде біздің елге,
Көрген жан шошушы еді түріңізді.
Жерлеріңде қасиет болмаған соң
Көре алмай сандалыңыз күніңізді.
Қызыл жырау:
Ақымақ, жамандама елімізді,
Жылан кеп үзіп кетті белімізді.
Өзіңнің бар қатының талақ болды,
Қасиетсіз деп айттың жерімізді.
Бет алдына ақырған есексің ғой,
Білмейтін ата менен тегіңізді.
Білмесең Қожа Ахмет Яссауиді,
Қой енді былшылдаған кебіңізді.
Шайықыслам,осыны өзің ап келдің де,
Айтысып ап берер деп кегімізді.